Бақыт АҚЫШЕВА,
қазақ мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі.
Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясының 2 “а” сыныбының ата-аналар жиналысы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын талқылаудан басталды. Ата-аналар топ-топқа бөлініп, әр бағыт бойынша өз ойларын ортаға салды. Олар Елбасының: “Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар”, – деген пікірін толықтай қолдайтындарын және сондай қоғам құру үшін жұдырықтай жұмылу қажеттігін алға тартты. Олардың пікірінше, әр ата-ана болашақты өз қолдауымен жасайтын ұрпақ тәрбиелеп отыр. Жас ұландарды мектептегі ұстаздарымен бірге білім нәрімен сусындатып, бойларына Отанына деген мақтаныш пен патриоттық сезімді қалыптастыруға атсалысатындар да ата-аналар. Сондықтан ана-аналар балаларының денсаулығы мықты болып, сапалы білім алу үшін жасалып отырған жағдайға тоқталды. Бұл ретте Арай Жүнісова, Шынар Ахметжанова, Нағима Үсенбаева, Раушан Сахатова, Сандуғаш Ұлтарақованың ойлары бір жерден тоғысты.
– Елбасы ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын арттыруға баса назар аударып, балаларды 3-6 жастан бастап мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемелерімен қамтуды алға тартып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атап көрсеткеніндей, бүлдіршіндерге нақ осы жастан бастап заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін білікті мамандар ұсыну маңызды. Біздің балаларымыз да қазақ мектеп-гимназиясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту әдістемелері бойынша білім алуда. Білім ошағында қазақ тіліне басымдық бере отырып, орыс, ағылшын тілдері де қатар оқытылады. Біздің балаларымыз бастауыш сыныптан бастап үш тілді меңгеріп, болашақта бәсекеге қабілетті елдің іргесін қалауға атсалысатындарына сеніміміз мол, – деді өнер колледжінің мұғалімі Сандуғаш Ұлтарақова.
Сонымен қатар ата-аналар бас қосқан жиында студенттердің шәкіртақысы, мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің еңбекақылары, мүгедектердің жәрдемақысы еселене түсетіні жөнінде айтылды. Халық игілігі үшін жасалып жатқан шаралардың барлығынан тысқары қалмай, Жолдауда белгіленген межелі міндеттерді іске асыруға баршамыз бірдей жұмылып, лайықты еңбек ету – міндетіміз, деп тарқасты ата-аналар.
Петропавл қаласы.