Дамир ОМАРОВ,
облыстық мамандандырылған ауданаралық
Экономикалық
соттың судьясы.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың ұжымы да өзгелердей жиын өткізіп, Жолдаудағы әрбір бағыт бойынша пікір айтып, жүктелген міндеттердің мән-мазмұнын аша түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс. Бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі – дамыған елдің негізі. Біз, сот жүйесінің өкілдері ретінде бар күш-жігерімізді осы міндетті жүзеге асыру бағытында жұмсауымыз керек.
Тарихи маңызы бар биылғы Жолдау барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуін, қауіпсіздігін және әл-ауқатының артуын көздейді, қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейді және ортақ мақсатқа топтастырады. Бұл құжат баршамыздың алдымызға экономиканы нығайту және әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жаңа міндеттер қоюымен ерекшеленіп отыр. Президент еліміздегі әрбір отбасының, азаматтың жағдайын жақсарту, халқымыздың тыныштығын қорғау жолдарын нақты көрсетіп, инновациялық индустрияландыру, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, ғылым әлеуетін арттыру, әлеуметтік саланы одан әрі жаңғырту сынды мәселелерді көтерді. Басты мақсат – мықты мемлекет пен экономиканың негізінде әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу, Мәңгілік Ел атану.
ХХІ ғасыр – бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры. Мемлекет басшысы Қазақстан халқын жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылығы – Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтай білуге шақырды.