«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМ ГРАМОТАЛАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Сенім грамоталарын қабылдау рәсіміне қатысты.

Қазақстан Президентіне Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Масаёши Камохара, Пәкістан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Шаукат Әли Мукадам, Оман Сұлтандығының Төтенше және өкілетті елшісі Саид бен Мохаммед бен Әли әл-Барами, Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Хенри Хуберт Дриссер, Ауғанстан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мухаммад Фарук Бараки Сенім грамоталарын тапсырды.

Қатысқандарға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтады.

– Сіздер Қазақстандағы өз қызметтеріңізді еліміз үшін өте маңызды кезеңде бастап отырсыздар. Біз қазір мемлекет дамуының жаңа үлгісін әзірлеп жатырмыз. Осыдан екі апта бұрын мен еліміздің халқына өз Жолдауымды жарияладым. Онда Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын жүзеге асыру жоспарын ұсындым, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Стратегияның басты мақсаты елімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу екенін атап өтті.

– Біз “жетекші елдердің клубына” кіруді ғана жоспарлап отырғанымыз жоқ. Біз үшін жаңа сапалы деңгейге өтіп, басқарушылық ойлау жүйесін жетілдіру маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан сыртқы саясаттағы салиқалы ұстанымын дәйектілікпен жалғастыра беретініне тоқталды.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 6 пайызға өсіп, 226 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 13 мың долларға жетті. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің Кеден одағы экономиканың мүмкіндіктерін арттыра түсті. Бұл одақ халықаралық экономикалық қатынастар жүйесінде жыл өткен сайын бедел алып келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру еліміздің экономикалық дамуына зор мүмкіндік ашатынын атап өтті.

– Біз қазір келіссөздер процесінің қорытынды кезеңінде тұрмыз. Қазақстанның осы ұйымның бір бөлшегі болуы ниетін Сіздердің елдеріңіз қолдайды деп сенеміз. Сондай-ақ 2017 жылы өтетін “ЭКСПО” халықаралық көрмесі маңызды рөл атқарады. Оның тақырыбы елдерді жақындастырудың тағы бір маңызды бағытына айналады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Нидерланды Корольдігімен ынтымақтастығы жоғары деңгейде екенін қанағаттанушылықпен атап өтті.

– Сіздердің елдеріңіз – республикамыздың жетекші экономикалық серіктестерінің бірі. Былтыр арамыздағы тауар айналымы 10 миллиард долларға жетті. Голландияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 48 миллиард долларға жуықтады. Қазақстанның энергоресурстарын тиімді дамыту, оларды әлемдік нарыққа тасымалдау саласындағы энергетикалық серіктестік қарқынды дамуда. Біз голландиялық компаниялардың мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға, өнеркәсіпке озық технологияларды енгізу ісіне мейлінше белсене қатысуына мүдделіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – Нидерланды” іскерлік кеңесін құрудың маңыздылығына тоқталды.

– Ол екі елдің экономикалық ведомстволары мен іскер топтары арасында барынша тығызырақ байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осы және басқа да мәселелерді биылғы наурызда Гаагаға сапарым барысында Нидерландыда талқылауға болады деп үміттенемін, онда мен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысуды жоспарлап отырмын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің Жапониямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты.

– Біз Сіздің елдеріңізді Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі аса маңызды стратегиялық серіктесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Елдеріміз арасында барлық деңгейде сындарлы және сенімді диалог орныққан, екіжақты құрылымдар тиімді жұмыс істейді, шарттық-құқықтық база нығаюда. Елдеріңіздің технологиялық деңгейі жоғары екенін ескере отырып, Қазақстан жетекші жапондық компаниялармен бірлескен ғылыми қамтымды жобаларға қатысуға мүдделі. Таяу уақытта “Экономикалық және инвестициялық қатынастарды нығайтудың Жол картасы” қабылдануы осы мақсатқа қызмет етеді деп үміттенемін. Елдеріміз арасындағы кең ауқымды сауда-экономикалық ынтымақтастыққа септігін тигізетін Ырықтандыру, ынталандыру және инвестицияны өзара қорғау туралы келісімге қол қоюды тездеткен жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанды Ауғанстан Ислам Республикасымен достық және тату көршілік қарым-қатынастар байланыстыратынын айтты.

– Ауғанстан Үкіметінің елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі күшжігерін құптаймын. Қазақстан өз тарапынан гуманитарлық және экономикалық көмектер көрсетуде, Ауғанстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуда. Біз мектептер, ауруханалар, көпірлер салудамыз, жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтірумен айналысып жатырмыз, азық-түлікті өтеусіз тасымалдауды жүзеге асырудамыз. Біз Ауғанстан үшін арнаулы білім беру бағдарламасын қабылдадық, оған сәйкес ауғанның мың студенті 2020 жылға дейін еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын болады. Биылғы және келесі жыл Ауғанстан мемлекеттілігін одан әрі дамыту үшін маңызды болмақ. Ауған халқы бұл кезеңнен лайықты өтіп, тұрақты және қауіпсіз қоғам құруда өз жолын табады деп үміттенеміз. Біз бұған мүдделіміз және көмек қолын созатын боламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуға зор мән беретінін айтты.

– Пәкістанға Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылық білдіреміз. Сіздердің елдеріңіз – АӨСШК-ге белсене қатысушылар қатарында. Пәкістан өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысына ұдайы қатысады. Жоғары экономикалық әлеуетке ие және геосаяси жағынан тиімді орналасқан Пәкістан Қазақстанның перспективалық сауда-экономикалық серіктесі болып саналады.

Елдеріміз арасында ауыл шаруашылығы мен аграрлық өнімдерді өңдеу саласында екіжақты жобалар бар. Қазақстан ірі астық өндіруші ретінде өнімін Пәкістанға жеткізе алады. Біздің осы бағыттағы ынтымақтастық перспективаларын зерттеуімізге болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміз Оман Сұлтандығымен ауқымды өзара ықпалдастық аясын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.

– Өз сапарларым және сұлтан Кабус бен Саидпен жүргізген келіссөздерім жақсы есімде, Сіздердің тараптарыңыздан қызығушылық барын білемін. Тәуелсіздігіміздің бастауында Оман халқы мен басшылығының көрсеткен достық көмегін жоғары бағалаймыз. Біз екіжақты да, көпжақты да дипломатия аясында достық қарым-қатынастар ұстанып отырмыз. Екі елдің экономикалық әлеуетін ескере келе, бізге ауыл шаруашылығы, мұнай-химия, энергетика, көлік, туризм және құрылыс салаларындағы іскерлік ынтымақтастықты жандандыру қажет. Оман компанияларын ірі индустриялық жобаларға қатысуға, сондай-ақ энергетикалық ресурстар өндіру мен тасымалдау саласында озық тәжірибе және білім алмасуға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Akorda.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp