Гүлнәр ОРАЗАЛИНА,
Есіл аудандық орталық
кітапхананың әдіскері.
Есіл аудандық орталық кітапханада “Туған жерге тағзым” атты кездесу өтті.
А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің 9-сынып оқушылары аудан халқына жақсы танымал, өз өмірі мен еңбек жолын осы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен тығыз байланыстырған тәжірибелі қызметкер, Явленка ауылының тұрғыны, жуырда ғана 60 жасқа толған ел ағасы Өтеген Жүсіповпен жолықты.
Қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбек жолын қысқа да нұсқа баяндаған Өтеген Рақымқазыұлының әңгімесін оқушылар ұйып тыңдап, кездесудің соңы сұрақ-жауапқа ұласты.
Кезінде комсомол ұйымының хатшысы болған Өтеген Жүсіпов сол кездегі жастардың ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін, мал шаруашылығында жаппай комсомол жастар бригадаларының құрылып, олардың жемісті еңбектері облыс, республика, одақ көлеміне таралғанын тартымды әңгімелеп берді. “Жасөспірімдерге осы бастан мамандық таңдау қажет. Қазір ауданда дәрігерлер, мұғалімдер, ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. Ел Президенті өз Жолдауында атап өткендей, отбасылық бизнесті дамыту керек”, – деді өмірде көргені мен түйгені мол азамат.
Өзекті әңгіме оқушыларға оң әсер қалдырып, ойға жетеледі. Балаларды қонақтың отбасылық өмірі де қызықтырды. Өтеген Рақымқазыұлы өнерден де құр-алақан емес екен. Кездесуде оның өлең жазып, ән шығарумен айналысатыны да белгілі болып, оқушылардың қолқалауымен ол “Перизатым” атты немересіне арнап шығарған әдемі әнін домбыраның сүйемелдеуімен орындап берді. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат балалары мен немерелерінің тәрбиесіне де аса мән беріп, олардың да жан-жақты хабары бар, елге пайдасы тиер ұл-қыз болып өсулеріне үлес қосып жүр екен.
Кездесуді “Ел азаматы” атты көрме қорытындылады. Оған кездесудің құрметті қонағы болған Ө.Жүсіповтің өмір кезеңдері мен еңбек жолдарынан фотосуреттер топтамасы енгізілген.
Есіл ауданы.