Биылғы оқу жылынан орта мектептерде “Алаштану” факультативтік курсы оқытыла бастады. Алаштану курсына мектеп бағдарламасынан орын беріліп, назар аударылғанының өзі көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, ХХ ғасырдың басынан Алаш қозғалысы ретінде қалыптасып, кейін “Алаш” партиясы, одан қалды демократиялық қағидатты негізге алған Алаш автономиясының тарихи қиын жағдайда 2 жыл 3 ай өмір сүргендігі белгілі.
Алаштануға қатысты алғашқы пікірлер мен зерттеулер 1919-1920 жылдарда мерзімді баспасөз беттерінде жариялана бастаған болатын. 1919 жылы “Жизнь национальностей” апталығында Ахмет Байтұрсынұлының “Революция және қазақтар” атты мақаласы жарияланды. Аталған мақалада автор Алаш қозғалысының бастау көздері, Алаш автономиясын жариялау мен оның үкіметін құрудағы себептерді ашып көрсеткен. Жалпы 20-шы жылдардың басынан бастап Қазақстанның мерзімді баспасөзінде Алаш қозғалысы туралы белгілі бір дәрежеде пікірталас орын алды. Әйтсе де бұл кезде аталған авторлардан кеңестік биліктің сойылын соғатын ғалымдардың пікірі үстем түсті. 1925 жылы Қазақстанды басқаруға Ф.Голощекин келгеннен кейін Алаш қозғалысына қатысқан адамдарды саяси қудалаумен қатар, ол қозғалыстың тарихын бұрмалау да басталды. Бұл бұрмалау өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін жалғасып, еліміз тәуелсіздік алған соң жаппай зерттеуге жол ашылды. Оның нәтижесі “Алаштану” курсының мектеп бағдарламасына енгізілуі болды.
Мектеп оқушыларына “Алаштану” факультативтік курсы не бермек? “Алаштану” курсының мектеп бағдарламасында алар орны ерекше. “Алаш қозғалысының қалыптасуы мен дамуы” атты бөлімде ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы сөз болады. Яғни, Столыпин реформасынан кейін Ресей империясының ұлттық аймақтарындағы жер мәселесі және қазақ зиялылары мен ресейлік саяси қозғалыстар туралы оқушылар мағлұмат алады. Ал “Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғырту бастамалары және Алаш қайраткерлігі” деген бөлімде Әлихан Бөкейхановтың аграрлық экономика саласындағы бастамашыл істері және баспасөз бетінде саяси жүйе мен отаршылдыққа қарсы сынның күшеюі баяндалады.
Сондай-ақ “Алаштану” факультативтік курсында “Қазақ қоғамы және Алаш партиясы”, “Алаш автономиясы және Алашорда үкіметінің құрылуы”, “Алашорда және кеңес өкіметі”, “Алашорда өкіметі және оның қызметі”, “Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің кеңестік Қазақстан тұсындағы қоғамдық-саяси қызметтері”, “Алаш қайраткерлерінің мәдени-ағартушылық қызметтері және ғылыми ізденістері”, “Ел тарихында Алаш қайраткерлері есімдерінің жаңғыртылуы” деген тақырыптарға аса мән беріледі. Бұл курс арқылы “Елім, жерім!”, деп өмірлерін пида еткен Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х. Досмұхамбедов, Ж. Досмұхамбедов, Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев, Ә. Ермеков, т.б. алаш арыстарының өнегелі өмірбаяны жіті талданып, қосымша мол мағлұмат беріледі.
Бұл факультативтік курс биыл ғана енгізілгендіктен, оқулықтың жоқтығы мұғалімдерге қиындық туғызуда. Бірақ бүгінгі күні ұстаздар алдына үлкен міндет қойылғандықтан, сапалы сабақ жүргізу үшін олардың ізденімпаздығы, шығармашылық қабілетінің жоғарылылығы сияқты құзыреттіліктер талап етіледі.
Жалпы алғанда “Алаштану” курсы мектеп оқушыларының Алаш тарихынан мол мағлұмат алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушының тарихи көзқарасының қалыптасып, өзіндік ой қорытып үйренуіне бұл пәннің қосар үлесі зор.
Әйгерім УАЛИЕВА,
№20 орта мектеп
тарих пәнінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.