Мұғалімнің өз сабағын терең білуі жеткіліксіз, оған қоса баланың жанын ұға білуі тиіс. 27 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Еркегүл Хасенованың басты ұстанымы осы. Ол Петропавлдағы педагогикалық институттың химия-биология факультетін тамамдағанымен, еңбек жолын өзі туып-өскен Аралағаш орта мектебінде бастауыш сыныптардың мұғалімі болып бастаған. Содан бері бастауыш буында сабақ беріп келеді.
Ол 1992 жылдары облыс орталығында алғашқылардың бірі болып №40 мектепте ашылған қазақ сыныбында ұстаздық етіп, кейін қалалық классикалық гимназия ашылғанда сол білім ошағына ауысады. Содан бері бастауыштың балаларын орта буынға бірнеше мәрте даярлап берген. Қала көлемінде ашық сабақтар өткізіп, әріптестерімен жинақтаған тәжірибесімен бөліседі. Оқушыларын ғылыми жобалар жазуға бала жастан баулып жүр. Шәкірттері қала, облыс көлемінде өткізіліп жүрген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Бала тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін қала, облыс әкімдерінің атынан және “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның СҚО ПҚБАИ директорының атынан алған Алғыс хаттары бар.
Ұзақ жылдар бойы бастауыш сыныптардың балаларын білім нәрімен сусындатып жүрген Еркегүл Мұстахымқызы тілдері былдырлаған бүлдіршіндерге деген сүйіспеншілігін жоғалтқан емес. Аналарының етегінен мықтап ұстап алып, жан-жағына үрке қарай келген балғындар оның алдынан оң-солын танып, орта буынға нық қадам басады. Бертін келе “Көкше” академиясында бастауыш сыныптардың мұғалімі мамандығы бойынша бакалаврды аяқтаған Еркегүл Мұстахымқызы балаларға деген сүйіспеншілікті әке-шешесінен бойына дарытқанын айтады.
– Менің әке-шешем 50 жыл ұстаздық етіп, еңбегімен еленген жандар болатын. Әкем Мұстахым Хасенов Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінде директор болды. Шешем Мәриям Алдажарқызы – қазақ тілі мен әдебиеті, әкем тарих пәндерінен сабақ берді. Олардың шәкірттері – қазір Қазақстанға еңбек сіңіріп жүрген белгілі жандар. Әке-шешемнің фотосуреттері бұрынғы облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтында үздік мұғалімдер ретінде ілулі тұратын. Екеуі де “Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі” атағының иегерлері болды. Басқа да марапаттарды жиі алатын. Ол кезде мен бала болған соң ба, ондай атақты алу, мұғалім болу жеңіл шығар деп ойлайтынмын. Қазір мұғалімдіктің қаншалықты қиын мамандық екеніне көзім жетті, – дейді Еркегүл Мұстахымқызы.
Ерлі-зайыпты Хасеновтер отбасында туған жеті баланың бесеуі мұғалімдікті таңдаған. Бүгінде ұстаз атанған үш әпкесінің екеуі қайтыс болған, ағасы қалаға көшіп келген соң басқа жұмысқа ауысқан. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде сабақ берген әпкесі Сәуле зейнет демалысында. Қазір әке-шешелерінің жолын жалғастырып, шәкірт тәрбиелеген бір өзі.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.