«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚҚАЙЫҢДЫҚТАРДЫҢ ҮМІТІ АҚТАЛҒАНДАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру науқаны жалғасуда. Аққайың ауданының әкімі Қайрат Қасенов Ивановка және Полтавское ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Есепті жиында қос елді мекен тұрғындары таза ауызсу тарту, жолдарды жөндеу, медициналық қызметті жақсарту туралы мәселелерді көтерді.  

Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,

журналист.

Аққайың ауданы экономикасының әр саласында өсім байқалады. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Десе де, есептік кездесуге жиналған ауыл тұрғындарының құлағына мына жаңалық майдай жақты.  

“2014 жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында 7 елді мекенге су желісін тартуға 604,8 млн. теңге бөлінді. Осының арқасында биыл Ленин, Черкасское, Рублевка, Трудовое, Астраханка, Аралағаш, Ивановка ауылдарына су таратқыш магистральдік құбыр төселе бастайды”, – деді аудан әкімі.

Жобалық-сметалық құжат дайын. Маңызды шаруаға биыл жер дегдісімен кірісу жоспарланыпты.  

Айта-айта жауыр болған енді бір мәселе – ауылдықтарды байланыстыратын күре жолдардың жағдайы. Қайрат Қасеновтің айтуынша, облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен облыс бюджетінен жолдарды қалпына келтіруге 106,5 млн. теңге бөлінді. “Бұл аудан тұрғындарының 40 пайызы шоғырланған Қиялы, Власовка, Шағалалы ауылдарына баратын жолдарды жөндеуге жұмсалады. Аудан орталығы мен Ивановка аралығындағы қатынас жақсарады. 20 мың шаршы метр жерде жөндеу жүргізіледі. Тас жолдың әбден бұзылған аумақтарын жөндеуге қаржы жетеді”, – деді аудан әкімі.

Мұндағы әлеумет әл-ауқатын жақсарту қамында өзге елді мекендерге қоныс аударуды әдетке айналдырған. Жастар кіндік қаны тамған туған жерлеріне қайтып оралмайды екен. Тіпті, мектеп оқушылары да өзге ауылдарда оқығанды құп санайтын көрінеді.

“Былтырғы есепті кездесуде мектепке “ГАЗель” автокөлігі бөлінеді деп сендірген болатын. Бұл мәселе күні бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Есесіне үлкен мектепте 85 оқушы ғана қалды. Оқуда, спортта дарындылары бар. Ал олардың түрлі жарыстар мен байқауларға шығып, білімдерін шыңдау мүмкіндігі жоқ. Ата-аналар қосылып, автобус жалдауға мәжбүрміз. Мұны бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді”, – деді Ивановка орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Светлана Шаповалова. Қайрат Қасенов бұл мәселені шешу үшін бір амалын қарастыратынын жеткізді.

Ауылда фельдшерлік-амбулаториялық пункт жұмыс істейді. Бірақ медициналық мекеменің қызметіне көңілдері толыңқырамайтындар баршылық. Зейнеткер Светлана Гуняның айтуынша, пунктте жалпы медициналық тексерістерге анализ жасалмайды. Ол үшін аудандық орталық ауруханаға бару керек. Аққайың аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Құмар Күсемісовтің түсіндіруінше, медициналық тексерістен өткенде жалпы анализ осында тапсырылады. “Алайда қанды тексеруге келгенде мұнда мүмкіндік жоқ. Ол үшін арнайы жабдықтар мен қолайлы температура қажет. Өйтпесе анализ нәтижесі нақты болмайды”, – деді ол.

Күннің екінші жартысында Аққайың ауданының әкімі Полтавское ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Мұнда да халықтың медициналық қызметке деген өкпе-реніштері бар болып шықты. Мәселен, тегін таратылатын дәрі-дәрмектер кешіктіріліп беріледі екен. Құмар Күсемісовтің айтуынша, дәрі жеткізуші кәсіпкермен ісіне немқұрайды қарағаны үшін келісімшарттың күші жойылып, бүгінде дәрі-дәрмектердің қажетті қоры келіп түскен.

Полтавка ауылы тұрғындарының денсаулықтарына алаңдайтын жөндері бар. Тіпті, ақылы дәрі-дәрмектердің өзін іздеп жүріп таба алмайсың, дейді олар. Бар гәп – дәріхананың жоқтығында. Аудан басшысы бұл мәселені өз бақылауына алатынын, әлеуметтік дәріхана ашуға тапсырма беретінін айтты.

Аталмыш округте де жол мәселесі өзекті болып тұр. Биыл бұл округтегі әбден тозған жолдарды қалпына келтіруге 100 млн. теңгеден артық қаржы бағытталмақ. Сондай-ақ Қайрат Қасенов Полтавка ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтетінін айтып, тағы бір қуантты. Жабылып қалған “Қазпочта” бөлімшесінің қызметі де қайта жанданбақ.

Былтырғы аудан әкімінің кездесуінде тұрғындар 158 түйінді мәселені көтеріпті. Барлығының дерлік шешімі табылған. Биыл да аққайыңдықтар осыдан үмітті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp