Облысымыздың бастауыш партия ұйымдары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. “Нұротандықтар” білім, денсаулық сақтау, асыраушысынан айрылғандар мен мүгедектік бойынша әлеуметтік жәрдемақы көлемін арттыру, ауыл шаруашылығы саласы, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін талқыға салды.
“Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Мәмбетов білім беру жүйесін дамыту және шаруа қожалығын қаржыландыру мәселесіне көбірек тоқталды. Ол атап өткеніндей, қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай жасалған, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға келтіретін кедергілерді бірте-бірте жою арқылы берілген мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет.
Кездесуге қатысқандар Қазақстанда сапалы білім алуда еш қиындықтың жоғын әңгіме етті. Балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайызға қамту нәтижесінде олардың сыни ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игерулеріне жол ашу – білім беру жүйесінің басты міндеті. Аталмыш жүйеге жаңа әдістемелерді енгізу әлемдегі дамыған елдердің қатарына енуге түрткі болады, деді қатысушылар.
“Риэлт сервис” бастауыш партия ұйымының мүшелері мүгедектерді қолдау, жемқорлықпен күрес, медицинаны дамыту, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне тоқталып өтті. “Мен кәсіпкер ретінде Жолдаудың шағын және орта бизнесті дамытуға арналған тұсына ерекше назар аудардым. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Кәсіпкерлік дамып, кеңейе береді, жаңадан жұмыс орындары пайда болады. Тағы бір айта кететін жайт – ол міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуі. Маған тікелей жұмыс беруші ретінде қызметкерлер үшін жауапкершілік жүктелуі қажет”, – деді “Риэлт сервис” партия ұйымының төрағасы Сайран Хамзин.
Сонымен қатар жиналғандар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көңіл бөліп, заңнаманы жетілдіру арқылы жемқорлықпен күрес бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Партияластар алдағы уақытта әрбір мүгедектің жұмыспен қамтылып, тұрмыстарын оңалтуда еліміз бойынша жақсы бастамалар енгізілетініне сенімді.
(Өз тілшімізден).