Таяуда “Қаржы орталығы” АҚ қызметкерлері облыстық Білім басқармасының қолдауымен негізгі мақсатты аудитория – кіші және орта буындағы балалардың ата-аналарына арналған жаңа депозиттер түрінің тұсаукесерін өткізді.
Мұндай тұсаукесерлер бұған дейін Алматы, Ақтөбе, Өскемен, Шымкентте өткізілген. Азаматтарға ақпаратты барынша толық жеткізу мақсатында тұсаукесерге жалпы білім беретін мектептердің ата-аналар комитеттерінің мүшелері, білім беру ұйымдарының қызметкерлері және білім беруге мемлекеттік жинақтау жүйесінің қатысушы-банктерінің өкілдері шақырылды.
“Қаржы орталығы” АҚ-ның қызметкерлері және қатысушы-банктер өкілдері азаматтарды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді.
Білім беруге мемлекеттік жинақтау жүйесі 2013 жылдың маусым айынан бастап құрылып, екінші деңгейлі банктер арқылы жұмыс істей бастаған. Жаңа депозиттер жүйесі техникалық және кәсіби, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін қаражат жинақтауға арналған.
Білім беруге мемлекеттік жинақтау жүйесі депозиттерінің басты ерекшелігі – онда банктің сыйақысынан басқа, салымға мемлекеттік сыйақы есептеледі. Жылдық мемлекеттік сыйақы мөлшері – 5%, ал кейбір нақты басымдыққа ие санаттағылар үшін жылдық сыйақы – 7%. Ондай санаттағыларға тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз тобындағы азаматтар – жетім балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, мүгедек балалар жатады. Банктің сыйақысының мөлшері – 7-9%.
Депозит баланың атына ашылады. Алғашқы ең төменгі салым – 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ол 2013 жылы 5 200 теңгеге тең болса, 2014 жылы бұл сома 5 556 теңгені құрап отыр.
Білім беруге мемлекеттік жинақтау жүйесіне бүгінгі таңда қатысушы-банктер – “Темірбанк” АҚ мен “БТА Банк” АҚ. Олар сыйақы ставкасының мөлшерін 8% деп белгіледі. “Қазақстанның Халық банкі” АҚ мен “Цеснабанк” АҚ да қатысушы-банктер қатарына өтеді деп күтілуде. Соңғы мәлімет бойынша білім беруге мемлекеттік жинақтау жүйесіне тіркелген салымшылар саны – 500-ден астам.
Татьяна КРАВЧЕНКО,
Білім басқармасының баспасөз хатшысы.