«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бір бөлмелі баспана бүкіл ғұмырлық мақсатқа айналмасын…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның шарықтағаны баспанасы жоқтардың басына қайғы “жамағаны” белгілі. Тапқан-таянғанын жалдамалы үйге төлеу құмға сіңген суға тең екенін, жайлы пәтер іздеп табудың машақаты бір бөлек, оны жалдау үшін жалақының жартысынан көбін беру керектігін пәтер жалдап, күн кешетіндер жақсы біледі. Сондықтан бүгінде риэлторлардың айы оңынан туса, пәтер жалдаушылардың көрпесіне қарай көсілуден басқа амалы жоқ.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Басылым беттерінде де пәтерді жалға берушілер мен жалға алушылар берген хабарландырулар екі-үш бетке жайылып жатады. Қалалық газеттердің біріндегі хабарландыруларды шолып өттім. Бір айға жалға берілетін бір бөлмелі пәтерге – 35 мың, екі бөлмелісіне – 40-50 мың, үш бөлмесі барына 50-60 мың теңге сұрап тұр. Оған қоса коммуналдық шығындарды да өзіңіз төлейсіз. Бұл қаланың шеткері аудандарындағы баға екен. “Қымбат-ау” деп қынжылсам, телефонның арғы жағындағы дауыс: “Қымбатсынсаңыз, жалдамай-ақ қойыңыз. Біздегі пәтерлер клиентсіз қалмайды”, – деп жауап қатты.

Бүгінде облыс орталығында жылжымайтын мүлікті жалға беру ісімен айналысатын “Hotel-сервистердің” де дәурені жүріп тұр. Солардың біріне қоңырау шалғанымда бір бөлмелі пәтерді жалдау құны тәулігіне 4500 теңгеден басталатынын айтты. “Сұранысыңызға сай қаланың кез келген ауданынан жиһаздармен толық жабдықталған пәтерді кеңседегі компьютер арқылы таңдай аласыз. Ақшасын төлеген соң пәтер кілтін ала беруіңізге болады”, – деді Hotel-сервис әкімшісі. Сұраныс ұсынысты тудыратындықтан, мұндай кеңселердің де сұранысқа ие екенін біле беріңіз.  

ЖАЛҒА БЕРУДІҢ ДЕ

“ЖЫРЫ” КӨП

Үйлерін жалға беруді кәсіп қылғандардың ісі бүгінде үлкен қалаларда да дөңгеленіп-ақ тұр. Тұрғындардың бірі екінші пәтерін жалға берсе, енді бірі жер үйінің алдына тауық қорасындай бірдеңе салып, онысын әжептәуір табыс көзіне айналдырып отыр. Астана қаласында тұратын, алайда баспанасы жоқ таныс құрбым жұмыссыз жүрген болатын. Кейін өзі бөлме жалдап жүріп, ұзақ мерзімге бір бөлмелі пәтерді 60 мың теңгеге жалға алды. Оны күн сайын бір сағатқа – 600 теңгеге, ал тәулігіне 4000-5000 теңгеге жалға беріп, бүгінде осылайша нәпақасын тауып отыр. Тапқан табысының 60 мың теңгесін үй иесіне береді де, қалғанын өз пайдасына жаратады. Әрине, мұндай пайда көру үшін әуелі пәтерді жөндеп, қажетті бұйымдармен, жиһаздармен жабдықтау қажет. Үй ішін жуып-тазалап, төсек жабдықтарын күн сайын тазалап отыру да үлкен еңбек.

Клиенттерін Қызылжар вокзалының маңынан табатын Жанар Сейітованың да бұл салада еңбек етіп жатқанына 7 жыл болыпты. Оның айтуынша, қаланың бұл ауданында баспана іздейтіндер әр уақытта табылады.

– Күнделікті жұмысымызда түрлі адамдарды кездестіреміз. Бала-шағасы бар отбасылар, басқа жақтан келіп, жұмыс істеп жүргендер жиі хабарласады. Тұрақты клиенттеріміз де бар. Біз пәтерін жалға берушілерден ақша алмаймыз. Олар бізге телефон арқылы хабарласып жатады. Ал іздеушілер бізбен шарттасып, сосын ұнатқан пәтерінің жалдау құнының 2 пайызын бізге төлейді. Біз қаланың қалаған ауданынан талаптарына сай пәтер табуға көмектесеміз. Кейбір жағдайда екі бөлмелі пәтерді 4-5 студент бірігіп жалдайды. Үй иесімен бірге тұрып, 10-15 мың теңгеге бөлме жалдайтындар да жеткілікті. Пәтер тапсырушылар да әртүрлі болып келеді. Кейбірі шағын ғана үйінің ішін жайластырып, ұядай етіп қояды. Ақша алсақ болды деп, үйін жинап-тазалауға ерінетіндер де бар. Бізге келушілердің көпшілігі люкс пәтер сұрайды. Яғни, кереует, басқа да жиһаздар, кабельді теледидар, тоңазытқыш, үтік, Интернет қосылған, телефон міндетті түрде болуы шарт, – деді Жанар.

КІРІС КӨЗІН ЖАСЫРҒАНДАР ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

Өткен жылы қосымша кіріс көзін жасырып, жылжымайтын мүлікті жалға бере тұра салық төлеуді жөн көрмеген 200-ден астам адам Салық басқармасы қызметкерлерінен ескерту алыпты. Заң аясында пәтерін, саяжайын бірнеше тәулікке, болмаса ұзақ мерзімге тапсырып, пайда табатындар салық төлеміне қатысты өз міндеттерін қалай орындаулары керек? Оның тәртібін Петропавл қаласы Салық басқармасының бас маманы Лилия Әбілева түсіндірді:

– Жеке тұлға жайында айтар болсақ, жалға тапсырудан түскен бір айлық кірістің 10 пайызы салыққа түсуі қажет. Салық жыл аяғында түскен табысқа байланысты төленеді. Ол үшін біріншіден, тұрғылықты мекенжайына байланысты декларация тапсыруы міндетті. Тапсыру мерзімі – 31 наурызға дейін. Содан кейін салық сомасын 10 сәуірге дейін төлейді. Декларацияны тапсырмаған азаматтарға хабарлама жіберіледі. Ол хабарламаны алған күннен кейінгі 30 жұмыс күні ішінде декларацияны тапсыруы тиіс. Егер салық төлеуші хабарламада көрсетілген заңсыздықтармен келіспейтін болса, салық органына электронды немесе жазбаша түрде анықталған заңсыздықтарға түсіндірме беруі керек немесе хабарламаны жіберу бойынша салық органы қызметкерінің іс-әрекетіне қатысты арыз жазуы тиісті. Талап орындалмаса, жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік жаза қолданылмақ.

Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер үшін тәртіп өзгешелеу. Салық салудың ортақ бекітілген режимі, патент негізіндегі және жеңілдетілген негіздегі арнайы салық режимі арқылы төлеу тәсілдері бар. Олар жайында нақтырақ Салық басқармасы қызметкерлерінен білулеріне болады, – дейді Салық басқармасының маманы.

БАСПАНАЛЫ БОЛУДАН

КҮДЕР ҮЗБЕҢІЗ…

Қалада пәтер жалдап жүрген отбасылы адам қанша жылда баспана сатып ала алады? Шамамен есептеп көрелікші. Мысалы, қолға тиетін орташа жалақы 75 мың теңге делік. Одан “күнкөріс минимумы” – 19 966 мың теңгені алып тастаңыз, қолыңызда 55 мың теңге қалады. Жалдайтын пәтерге коммуналдық төлемдерін қоса алғанда айына 50 мың теңге төлейсіз. Оны шегерсеңіз, 5 мың теңге қалады. Осы ақшаны той-садақаға жұмсамай, туған күндерге бармай, мерекелерді елемей, табандылықпен жинайтын болсаңыз… бір бөлмелі баспана бүкіл ғұмырлық мақсатқа айналады екен. Әрине, мол табыс көзін тапсаңыз – әңгіме басқа. Ол өз іскерлігіңізге, еңбекқорлығыңызға байланысты.

Күллі әлемде бүгінде талай адамдар несиемен үй алып, мемлекет жалға берген үйлерде мекен етеді. Бұл тәсілге Қазақстан да жүгіне бастады. Елімізде жалдамалы тұрғын үйлер бой көтере бастады. Мұндай мемлекеттік үйлер баспанасын жалға беруді табыс көзіне айналдырып алғандарды тәубесіне түсіретіні анық. Қалай десек те, бастысы, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы жастарға үйлі болудың тиімді жолдарын ұсынып, баспаналы етсе игі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp