Адам үшін дене кемістігі ауыр тигенімен, одан да ауыры – ақыл-ой кемістігі. Әсіресе, бұл кембағал баланың сан қырлы болып өсуіне кері әсер етеді, ой-өрісінің дамуына кедергі келтіреді. Осы кемістіктерді асқындырып алмай, әрі қарай мүмкіндігінше түзету жұмыстарын жүргізу қажет. Ақыл-ойы тежеліп қалған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, яғни мүгедек балаларды қалпына келтіру, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына, тұрмыстық бағдарлау негіздеріне үйрету, әлеуметтендіру, оқыту және жан-жақты тәрбиелеу, дүниетанымын жетілдіру қарапайым еңбек дағдылары болып табылады.
Еңбекке баулу үдерісінде таным қабілетіндегі кемшіліктерді түзету жұмыстары жүргізіледі: байқау, елестету, сөйлеу, кеңістікте бағдарлау және қолдың ұсақ қимылдары.
Еңбек сабағы оқушылар үшін негізгі пән болып есептеледі. Олар заттарды жасау жолдары мен сөздің мағыналарын бір мезгілде меңгереді. Мысалы, материалдан әртүрлі дөңгелек қиындылар: үлкен, орташа, кішірек кесіп алу. Оқушы матаны қиып отырып, сөздің мағынасын да түсінеді: “үлкен”, “орташа”, “кіші” және оларды ретімен орналастыруды да үйренеді. Сол сияқты басқа материалдардан: ермексаздан үлкен, орташа, кішірек үй илеп жасауға болатынын үйренеді. Еңбекке баулу сабағында әр сөздің мағынасын түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Себебі, оқушылар заттарды жасаған кезде, өздері сол заттың атын айтуға, керекті материал, құралдар қажеттілігі туындап сөйлеуге мәжбүр болады. Еңбекке баулу сабағы мектеп оқушыларының ой-өрісін, түсінігін, ұғымын, сөйлеу тілін дамытады. Сабақ барысында оқушылар еңбек ету дағдыларын меңгереді. Еңбек сабақтары тіл дамыту, математика, айналамен танысу, бейнелеу өнері пәндерімен тығыз байланыста болады.
Ақыл-ойы дамымаған балаларды ерте жастан еңбекке баулыса, оның нәтижесі де жемісті болмақ. Мұндай балалар орындауға тиісті жұмыстар оларды жалықтырып жібермейтіндей, шама-шарқына лайық, өзіне пайдалы еңбек болуы керек. Орындалатын жұмыс қаншалықты қарапайым, оңай болғанымен, еңбек жөніндегі тәжірибесі аз, ақыл-ойы дамымаған балаға оны қалай орындап шығуға болатындығы үйретіледі. Бұл олардың қандай істі болсын атқара алатындықтарына сенімдерін арттырады, еңбекке деген ынтасын дамытады.
Оқушылардың табиғат туралы түсінігін қоршаған орта заттары мен құбылыстарын бақылау, әртүрлі табиғи материалдарды жинау арқылы кеңейту мақсатымен серуенге шығарамыз. Оқушыларды кәсіби еңбек түрлерімен таныстыру мақсатында мектеп шеберханасында түрлі жұмыстар жүргізіледі. Еңбектену нәтижесінде бала азаматтық сезімге ие болады.
“Бала тәрбиесі – басынан, еңбекке баулу – жасынан” дегендей, балаларды еңбекке бейімдеудің, олардың қабілеттерін аша білуге, қоғамдық өмірге бейімдеуге ықпалы өте зор.
Мақтагүл АСҚАР,
Айыртау аудандық психология-педагогикалық түзеу кабинетінің әлеуметтік педагогі.
Айыртау ауданы.