«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаксыбаевтардын Жаксы ісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылының тұрғыны Ақылбек Жақсыбаев – мемлекеттік бағдарламаның көмегімен кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа. Оның 2012 жылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 2,5 миллион теңге несие алып, мақсатты ісін жандандырып, бүгінде өз ортасында бизнестің тізгінін ұстай білетін адам ретінде танылып отырғанын білдік. Ақ қар, көк мұзға қарамастан, кәсіпкерді арнайы іздеп барсақ, ол жұмыс бабымен аудан орталығына кетіп қалған екен. Алайда, зайыбы Гүлназ Бүркітбайқызы отағасының орнын жоқтатпай, бізге отбасылық кәсіптің жай-жапсарын айтып берді.

– Ақылбектің кәсібі – жүргізуші. Бұған дейін ол жекеменшік көлікпен жүк тасып, табыс табатын еді. Қоғам жаңалықтарын назарында ұстайтын жұбайым “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының талаптары еңбектенемін деген адамға тиімді екенін көре білді. Ауылдық округіміздің әкімі Назымбек Омаров та оның бұл талабын қолдап, өтінішін аудандық әкімдіктің жұмыспен қамту бөліміне жіберіпті. Көп ұзамай өтініш мақұлданып, несие алатын болдық. Мал өсіріп, күйімізді күйіттеу бұрыннан көкейде жүрген мәселе еді. Жинаған тиын-тебеніміз де болатын. Бірақ біз бұл мақсатқа бірер жылдан кейін ғана қол жеткізе алатын едік. Ал ісімізді тездетіп жүзеге асыру үшін мемлекеттің көмегі дөп келген іс болды. Бүгінде мемлекетке де, тартынбай осы істі қолға алған жұбайыма да разымын, – дейді Гүлназ Жақсыбаева.

Сондағы алынған қаржыға олар жергілікті ірі қараның 12 бас жас төлін және 20 бас қой сатып алады. Сондай-ақ оның құрған бизнес-жобасында мал сою қосынын ашу көзделгендіктен, қаржының 1 миллион теңгесі осы бағытқа жоспарланған. Сондай-ақ кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрінің нәсібін көріп отыр. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының төртінші бағыты бойынша оның мал сою қосыны салынатын аумаққа жарықты тегін тартып берген.

– Мемлекеттік қордан бөлінген 3,5 миллион теңге қаржыға екі кәсіпкердің жер теліміне электр желісі тартылды. Мұнша қаражатты жинау кімге болсын оңайға түспесі анық. Бұл шара біздің жұмысымызды тездетті әрі жеңілдетті. Енді, міне, жер бауыры жіпсіген кезде мал сою қосыны мен қора-қопсыларымыздың құрылысын бастаймыз. Ақылбек қажетті құжаттарды дайындап жүр. Күзге дейін діттеген істеріміз біраз еңсерілсе деймін, – дейді отанасы.

Кәсіпкерлік жолындағы қиындықтарды, атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген алғашқы жеңістерді ретретімен баяндаған Гүлназ Бүркітбайқызының отбасылық кәсіпке қосып отырған үлесі зор. Ақылбек Тұрлыбайұлы құжаттарын жинау, малға керекті жемазық дайындау жұмыстарымен жүрген кезде мал-жанның амандығы осы нәзік жанның иығында.

– Ақылбектің арманы – қорадағы ірі қараның санын бес-алты жылда 100 басқа жеткізу. Биыл шаруашылықтың қора-қопсысы мен өзімізге жаңа үй салу міндетін қойып отыр. Ол – өзінің әкелік парызы мен отбасылық жауапкершілікті жоғары қоятын адам. Сондықтан ержетіп қалған балаларына жеке кәсіпкерліктің маңызын түсіндірсем, жақсы өмір сүру үшін табыс табуға ұмтылуды үйретсем, дейді. Әрине, малы бардың қарны аш болмайтынын біз білеміз. Ал бүгінгі жастар басқаша ойлайды. Бұл кәсіпті бастағанымызға бір жарым жылдай ғана. Осы уақыттың өзінде балалардың ауыл шаруашылығына деген көзқарастары түзеліп, көңіліміз орнығып келе жатқанын байқаймыз, – дейді қамқор ана.

Біз жолыққанда отанасы екі ұлымен берге мал жайлап, қора маңында жүр екен. Торпақтары мен қойларын бізге көрсетпек болып қораға кіргенімізде ондағы жануарлар бөтен адамның келгенін сезіп, жатқан орындарынан өре түрегелді. Гүлназ Бүркітбайқызы қарала торпақтың қасына жақындаған кезде ол тынышталған күй танытып, басынан сипап тұрған иесіне жәудірей қарады да, оттықтағы шөпке аузын салды. Әрине, иесінің сүйіспеншілігін мал да ұнатады. Отанасы өз сөзінде алдыңғы жылы бұзаудай алған тайыншалардың биыл төлдейтінін жеткізді, бірақ ол қораға кіруге рұқсат бере алмайтынын тағы айтты. “Тіл тиер ме деп қорқамын” деген сөзінен соң біз де жаны нәзік қожайынның көңіліне кірбің салғымыз келмей, сыртқа шықтық. Сондай-ақ одан несие қаржысына сатылып алынған еркек малдың етін нарыққа шығара бастағандарын білдік.

– Малды таза сойдырып, тиісті санитарлық құжаттарын алып, етті Петропавл қаласының базарларында өтетін жәрмеңкеге апарып жүрміз. Осылай тиімді. Ал тірідей малды саудагерлер арзанға алады. Малдың бейнетін баққан адам ғана біледі. Біз де еңбегіміздің арзанға бағаланғанын қаламас едік, – дейді ол.

Өңіріміздің көптеген ауыл-аймақтарындағы өзекті мәселе – мал сою қосыны. Бүгінде бұл ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге бірқатар қиындық тудырады. Қосыны жоқ ауыл тұрғындары аудан орталықтарына малдарын тірідей апарып, сойдырып, құжаттап қайтуға мәжбүр болып отыр. Ал Прибрежное ауылының тұрғындары жақында бұл мәселенің шешімі табылатынына қуанышты.

– Мал сою қосынының құрылысын көктемде бастаймыз. Көлігіміз бар. Құрылыс материалдары жиналуда. Жалға құрылысшыларды шақырамыз. Аталмыш мал сою қосынында бір тонналық тоңазытқыш болады. Мал дәрігерінің арнайы кабинеті жоспарлануда. Мал сою автоматтандырылған тәсілмен жүргізіліп, жануардың барлық мүшесі асқа жарамды етіледі. Қосынның қасына мал ұстайтын, бордақылайтын шашпалар салынады. Осының барлығына арналған 40 сотық жер теліміміз бар. Сондай-ақ мұнда ауылдастарымыз үшін жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы қосынды күзде ашсақ деген жоспар құрып отырмыз. Бұл, әрине, қаржы мен уақыт еншісінде. Отағасы үйде болмаса да, оның кәсіпкерлігі мен жоспары туралы толық ақпарат бердім деп ойлаймын, – деп күлді Гүлназ Бүркітбайқызы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp