Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың оқушылары Ресейдің Протвино қаласында 18-ші рет өткізілген “Компьютерлік физика” атты халықаралық сайысқа қатысып, “Жас физиктер” аталымы бойынша 3-орынды иеленді.
Сайысқа білім ошағының 5 оқушысы команда болып қатысқан. Білім додасына қатысушылар “Компьютерлік шығармашылық”, “Жас физиктер турнирі”, “Компьютерлік физика” және “Ғылыми жобалар сайысы” сияқты сынақтардан өткен. Гимназия-интернаттың оқушылары “Жас физиктер турнирі” бойынша III орынды жеңіп алған. 11-сынып оқушылары Мақсат Уатбаев пен Дана Тұрсынова “Күннің активтілігіне байланысты ауа райын ұзақмерзімді болжау” тақырыбындағы жобаны қорғаған.
– Біз бұған дейін Алматы қаласында өткен осы сияқты форматтағы сайысқа қатысқан болатынбыз, сондағы алған тәжірибеміздің көмегі тиді. Халықаралық турнир орыс тілінде өткендіктен, аздап қиындау болды. Бірақ тақырып бойынша жүргізген зерттеулеріміз бен түбегейлі дайындығымыздың арқасында қиындықты жеңдік, – деген Мақсат Уатбаев өзінің болашақ жоспарымен де бөлісті.
Ақпараттық технологиялар саласының маманы болуды армандайтын Мақсат мектепте зияткерлік клуб ашуды көздеп жүр екен. Клуб физика, математика, информатика пәндері бойынша олимпиадалық резервтерді дайындауды мақсат етеді. Олимпиадаға қатысатын дарынды балалар осы клубтың құрамына кіріп, өз беттерінше дайындалатын болады. Олар осылайша білімді, дарынды балалардың санын арттыруға өз үлестерін қоспақ.
9-сынып оқушысы Дәулет Жанатаев – құрамадағы ең жасы кішісі. Оның сөзіне қарағанда, Протвинода барлығы жұмылып жұмыс істеген. Соның арқасында қазылар алқасына өз білімдерін дәлелдеген. “Физикалық турнирде берілген тапсырмалардың барлығын команда болып еңсердік. Бұл жерде физика пәнінің мұғалімі Бекет Салықұлының берген білімі терең екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Біздің жеңіске жетуімізге ұстаздарымыздың көмегі де зор болды”, – дейді ол.
Жүлдегер бестіктің төртеуі осы білім ошағында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, ұстаздардың ұстазы атанған жоғары санатты мұғалім Бекет Мұстафиннің шәкірттері болса, біреуі жас маман – Нұргүл Касленкинаның оқушысы. Нұргүл Есенғалиқызы – гимназия-интернаттың түлегі, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ұшырған ұясына ұстаз ретінде қайта оралған.
– Менің оқушыларым физика пәні бойынша қаңтар айында ғана 4 жарысқа қатысты. Облыстық олимпиадада физика пәнінен 11-сынып оқушысы Мақсат Уатбаев – 2-орын, 10-сынып оқушысы Асылбек Жұмағали 3-орын алды.
Мақсат Уатбаев, Асылбек Жұмағали, Айым Искакова Алматы қаласында өткен халықаралық Жәутіков олимпиадасынан сертификат алып келді. “Сарбаз” олимпиадасына қатысқан оқушыларымның ішінде екі оқушым: Нүркен Қалижан мен Бақыт Есләм 1 және 2-орындарды иеленді, – деген Бекет Мұстафиннің айтуынша, қазір балалардың физика пәніне қызығушылықтары зор. “Ешқайсысын сүйреп жүрмейсің, өздері дайындалады, өз беттерімен ізденіп, білімдерін жетілдіреді. Мен ақыл-кеңесімді беріп, бағдар көрсетіп отырамын. Балалардың ізденуіне гимназия-интернаттың директоры Күлжан Төкенова да көп жағдай жасап отыр. Университетпен байланысымыз жақсы. Біздің балалар қазір университеттің бағдарламасы бойынша өздерінің білімдерін жетілдіруде”, – деді Бекет Салықұлы.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай): жүлдегерлер – Олжас Қайыргелді, Мақсат Уатбаев, Дәулет Жанатаев, Асылбек Жұмағали, Әнуар Қабдолла, Дана Тұрсынова; ұстаздар – Бекет Мұстафин, Нұргүл Касленкина.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.