«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛДЫҚ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елдің елдігін сақтап, көркейтетін, басқа елдермен терезесін тең етіп, өркендететін, сондай-ақ болашағын айқындап та беретін – білім беру ісі. Осыған байланысты бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесінде жаңа педагогикалық идеялар мен өзгерістер өмірге келуде.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: “Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды істер күтіп тұр. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс”, – деп ерекше атап өтті.  

Шын мәнінде, қазіргі кезде қоғамның өркендеп өсуі білім жүйесінің сапасын жақсартуды, озық технологияларды кеңінен қолдануды, жаңа формациядағы ұстаздар даярлау арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуді мақсат етіп отыр. Сондықтан нарықтық экономикаға бейімделген, бәсекеге қабілетті білімді де білікті мамандар даярлау – негізгі стратегиялық көрсеткіш. Бұл еліміздегі білім беру жүйесінің алдына жаңа инновациялық, технологиялық әдістерді қолдануды игеру, оқытудың жаңа модельдерін іздестіру және оны үнемі жетілдіріп отыру міндеттерін қояды.

Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да білім беру жүйесінің сапасын арттыру үшін ең алдымен мұғалімнің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне үлкен мән берілген. Осы мақсатта Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген “Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру” бағдарламасы бойынша Астана қаласында алғашқы курс өтті. Айыртау аудандық Білім бөлімінің ұйғарымымен осы курсқа барып, өз кәсіби білімімді шыңдап келдім.  

Курсқа барғанға дейін ойымды сан сұрақ мазалағаны рас. Бірақ уақыт өте келе оқу мен оқытуда, мектепті басқаруда, дамытуда ұстаз ретінде әлеуметтік және кәсіби ілгерілеуде өз бойымда жаңа идея, жаңа көзқарас қалыптасқанын сезіндім. Оқу-тәрбие үдерісіндегі өзекті мәселелерді сараптай отырып, мектептің даму жоспарын іске асыруда, оқушы көзқарасын, ата-ана сұранысын, мұғалім ойын түсіну үшін сауалнама өткіздім. Сол арқылы мектептің жақсы және әлсіз жақтарын жинақтап, SWOT – талдау арқылы қорытындыладым. Осы курс бағдарламасы күтілетін нәтижені айқындауға бағыт беретінін тереңірек танып білдім. Сонымен қатар желілік қоғамдастық құру, 7 модуль бойынша жұмыс жүргізу, көшбасшылықтың қыр-сырын үйрену, Lesson study әдісін мектептегі білім беру үдерісіне енгізіп, коучинг пен тәлімгерлікті қалай ұйымдастыру жолын да үйрендім. Бұл ретте курстың мазмұны терең, ықпалы зор болды.

Бүгінгі таңда мектеп басшысы ретінде көшбасшылық танытып, ұжыммен бірге алдымызда тұрған біршама мәселелерді жойып, кәсіби тұрғыдан өсу жолындамыз. Мектеп мұғалімдерінің арасында деңгейлік курсты оқып келген Гүлдана Жетібаева, Айнұр Мұқашева, Гүлмира Жазбаева, Әлия Құдабаева сынды ұстаздармен бірлесе отырып, ұжымда коучинг өткізіп, 7 модуль жайлы тереңірек түсіндірдік. Соның ішінде ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдану, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, дарынды, талантты балаларды оқыту сияқты модульдерге ерекше назар аударамыз. Курстан өткен мұғалімдер ұжыммен тәжірибе алмаса отырып, өз жұмыстарын көрсетуде. Сонымен қатар мектеп ұжымы “Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту” жобасы бойынша жұмыс жүргізуде.

Өзім де математика пәнінің мұғалімі ретінде оқушылардың сабаққа ынтасын арттыруға, олардың өз бетінше жұмыс істей білу дағдысын тәрбиелеуге ерекше назар аударамын. Шәкірттерді өз бетімен ойлауға үйрету үшін оқыту әдісін дұрыс таңдап алу қажет. Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер ретінде көп жағдайда сыни тұрғыда оқыту технологиясы элементтерін пайдаланамын. Сондай-ақ сындарлы оқыту теориясына сүйенемін. Сындарлы оқытуда оқушыға басымдылық беріледі. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланады, көп талқылап, достарымен ақылдасып, әрекеттенеді. Ал мұғалім өз сабақтарын оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастырады. Сондықтан да қазіргі таңда әрбір ұстаздың да, оқушының да іс-әрекеті ерекше шығармашылық сипатта болуы керек. Жаңаша оқытуда білім балаларға дайын күйінде берілмейді, керісінше, оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Сабақ оқушылардың өз беттерімен және өзара әрекеттесе отырып, оқып үйренулеріне, ортақ шешімге келулеріне бағытталады.

Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім мекемелеріне жеткізу ісі жүргізіліп жатыр. Бұл іспен Астанадағы Педагогикалық шеберлік орталығы айналысуда. Өзім үш ай бойы дәріс алған Педагогикалық шеберлік орталығының “Әлем өзгереді, әлеммен бірге біз де өзгереміз” деген ұстанымын алға тарта отыра, барша әріптестеріме білімді, тәрбиелі оқушыларды даярлап шығару жеткіліксіз, өз бетінше өмір сүре алатын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты меңгерген, бүгінгі күннің талабына сай азамат тәрбиелеу міндетіміз дегім келеді.

Меңдігүл ОЛЖАБАЕВА,

Саумалкөл қазақ орта

мектебінің директоры.

Айыртау ауданы.

Суреті шеф, сеть, М.Олжабаева

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp