Мағжан Жұмабаев ауданындағы Колосовка негізгі мектебінде оқитын Новотроицкое ауылының оқушысы Олег Лило қолда бар заттардан жылжымалы “Луна” ғылыми-зерттеу зертханасын жасап шығарды. Астана қаласында өткен халықаралық ғылыми-техникалық форумда жылжымалы зертхана моделінің патентін сатып алуға ниет білдіргендер де табылды.
Космостан хабары жоқтарға бұл тек қашықтықтан басқарылатын ойыншық сияқты. Алайда, солтүстікқазақстандық балалар ойлап тапқан жылжымалы “Луна” ғылыми-зерттеу зертханасына америкалық бір фирманың өкілдері қызығушылық білдірген.
– “Луна” кез келген жерде жүріп, кедергілерді айналып өтеді, таулы жерлердің лазерлік көшірмесін, бейнетүсірілімдер жасайды. Ол, тіпті, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін пневмозеңбірек жүйесімен жарақтандырылған. Жылжымалы зертхананың негізгі қызметі Айдың атмосферасы мен климаты жайлы толық ақпарат беруге арналған, – дейді “Жас техниктер” үйірмесінің жетекшісі Алексей Цейнер.
Олег Лило мектеп жанындағы үйірмеге үш жылдан бері қатысып, түрлі құрылғылар жасаумен айналысуда. Осы жолғы “Луна” ғылыми-зерттеу зертханасын жасауға екі жылын жұмсаған. Бүгінгі күні сол еңбегінің зая болмағанына риза.
– Қазылар алқасы менің еңбегімді жоғары бағалап, “Аэрокосмостық техника, авиация және космос” аталымы бойынша 1-орын берді. Америкалықтар болса оны 250 мың теңгеге сатып алуға ұсыныс жасады. Кейін сұранысқа ие болып, саудаға шықса, сатылымнан белгілі бір пайызын төлейтіндерін айтты. Мен үшін түрлі техникаларды ойлап табу мен құрастыру – әуестік, – дейді жас өнертапқыш.
Новотроицк ауылының жеткіншектерінің басын қосқан “Жас техниктер” үйірмесі – оқушылардың сабақтан бос уақыттарын тиімді өткізетін құтты орын. Алексей Цейнердің айтуынша, үйірме екі бағытта жұмыс істейді. Ұлдар өздерінің болашақ көліктерін құрастырса, қыздар жағы қайыңның қабығынан түрлі кәдесыйлар өру технологиясын меңгереді. Олардың қолданатындарының барлығы – түрлі техникалардың қалдықтары мен күнделікті қолданыстан шыққан қолжетімді заттар.
Оқушылардың өз қызығушылықтары бойынша жасаған бұйымдары түрлі деңгейдегі байқауларда да жүлделі орындар алып жүр. Ойын баласының қызығушылығын оятып, еңбекке, өнерге баулып жүрген үйірме жетекшісіне ата-аналардың алғысы шексіз.
Әйгерім ҚҰСАЙЫНОВА,
журналист.