«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЧИДЕ ЖЕЛБІРЕСІН ЕЛ БАЙРАҒЫ! облыс орталығында олимпиадашыларымызға қолдау көрсетілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Сейсенбі күні облыс орталығындағы “Қарасай” стадионында Сочи Олимпиадасында ел намысын қорғайтын спортшыларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған “Бірге! Жеңіске!” атты акция өтті. Шараға спортшылар мен жастар қозғалыстарының белсенділері, сондай-ақ спорт ардагерлері қатысты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Төрткүл дүние көз тігетін, соңғы төртжылдықтың тартысты бәсекесінің туы көкке көтерілуіне бір-ақ күн қалды. Бүгінгі күні 58 қазақстандық спортшы спорттың 11 түрінен дүбірлі додада ел намысын қорғамақ. Соның ішінде “Сочи – 2014” қысқы Олимпиадасына жолдама ұтып алған жерлес конькишілер Дмитрий Бабенко мен Роман Креч қатысады. Қосалқы ойыншы – Елена Урванцева. Ал наурыз айында өтетін Паралимпиадада шаңғышылар Қайрат Қанафин мен Елена Мазуренко Қазақстан намысын қорғайтын болады.

Саршұнақ аязға қарамастан, стадионға жиналған қызылжарлық спортсүйер қауым алдында сөз алған облыс әкімі Самат Ескендіров Сочи Олимпиадасына жолға шыққан солтүстікқазақстандық спортшылардан тек жеңіс күтетінін жеткізді.  

– Сочи қаласында басталғалы отырған бәсекелі сайыста Қазақстанның намысын еліміздің үздік спортшылары қорғайды. Ал біз бүкіл ел болып спортшыларымызға қолдау көрсетіп, сәттілік тілейміз! Жарыста қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның атын әлемге танытатындығына сенімдіміз, – деді Самат Сапарбекұлы.

Одан соң қазақстандық спортшыларға Сочиден жүлдемен оралуға тілектестік білдірген ҚР Құрметті жаттықтырушысы, спорт ардагері Виктор Бондаренко мен конькиші Татьяна Сокирко аталмыш Олимпиадада қазақстандық спортшылардың үздік нәтиже көрсетіп, елге алтыннан алқа тағынып оралатындықтарына сенімді екендіктерін айтты.

Акция барысында жергілікті шаңғышылар мен конькишілер стадионға Сочи Олимпиадасының алауын алып кіргеннен соң әуесқой шаңғышылар арасындағы шаңғы жарысы, ал хоккейшілер арасындағы жолдастық кездесу ұйымдастырылды.

Сондай-ақ бұл күні қызылжарлық спортсүйер қауым облыс орталығындағы айдындарда екі сағат бойы тегін коньки тебу мүмкіндігіне ие болды.

  Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp