«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАМОНИДЕН СОЧИГЕ ДЕЙІНГІ ҰЗАҚ ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биылғы жылдың әлем спортындағы ең даңқты оқиғасы – 7 ақпанда Ресейдің Сочи курортында оты тұтанатын ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары. Осыған орай жаңа заманның Олимпиадаларын қайтадан жандандырған француз бароны Пьер де Кубертеннің есімі мәңгілік өлмейтіні анық. Ол 1898 жылы жазғы алғашқы ойындарды бастап бергені әлем спортына белгілі. Атақты француз қолдаушысының арқасында 1894 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті құрылған еді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Алғашқы қысқы Олимпиада 1924 жылы Францияның Шамони қаласында алау тұтатып, ойындарға 16 елдің спортшылары қатысқан. Осы елдердің намысын 280 спортшы қорғапты. Рас, спорттың небары 4 түрі қамтылған.

Алғашқы жылдардағы ойындарда Скандинавия елдерінің өкілдерінің үнемі бағы жанып отырған. Бір қызығы, 1964 жылы Австрияның Инсбрук қаласында болған ІХ ойындарға дейін осы 4 түр бойынша жарыстар өткізіліп келіп, сол жылы ғана тағы екі сайыс қосылды.

Ал 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласындағы ХVІІІ ойындарда жарыстарға тағы бір спорт түрі қосылып, бүгінгі күнге дейін үміткерлер 7 сайыста жарысады. Алайда, әр түр бойынша бірнеше жарыстар өткізілетіндіктен, олардың саны бүгінде 86-ға жетіп отыр. Жоғарыда айтқанымдай, Шамониде 280 үміткер сынға түссе, Сочиде 2766 спортшы бақ сынамақ.

Сочидегі ойындарды қоса есептегенде, қысқы Олимпиадалар саны жиырма екі болғанымен, анығында өткізілген жарыстар дүниежүзілік соғыстың зардабынан екі жерде өтпей қалған. Сөйтіп, 1940 жылы Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласында және 1944 жылы Италияның Кортино д, Ампеццо қаласында Олимпиадалардың алауы тұтатылмаған.

Қазақстанның қысқы ойындармен шұғылданатын спортшылары 1956 жылдан бастап КСРО құрамасының сапында сынақтарға түскен екен. Кеңес Одағының сапында ойындарға жол тартқан жалғыз қазақстандық спортшы тау шаңғысымен шұғылданған алматылық Александра Артеменконың есімі ел спортының тарихында мәңгілік жазылып қалды.

1960 жылдан 1972 жылға дейін республикамыздың бір-бір спортшысы ғана КСРО құрамасына алынып келген. Олар – алматылық конькиші Юрий Малышев (1960), конькиші Александр Керченко (1968), қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин (1972). Бұлардың ешқайсысы жүлделі үштікке енбек түгіл, місе тұтарлық ондыққа да кірмеген. Тек, И.Гаранин 1976 жылғы Инсбурктегі Олимпиадада 30 шақырымда жарысқанда тұңғыш қола алқаны Қазақстанға тарту етті.

Осыдан бастап КСРО құрамасында ел намысын қорғау бақытына ие болған қазақстандықтардың қатары қалыңдай берді.

1984 жылы Югославияның Сараево қаласында қазақстандық Владимир Сахнов 50 шақырымда өткен шаңғышылар арасындағы бәсекеде төртінші орын алды.

Қысқы Олимпиадалардағы қазақстандық спортшылардың үздігі, әрине, атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов. Ол 1988 жылы Канаданың Калгари қаласындағы ойындарда 30 шақырымда күміс алқаны олжалады. Бұл оның соңғы жетістігі еместігін отандасымыз 1994 жылғы Норвегияның Лиллехаммер қаласындағы ХVІІ ойындарда айғақтады. Қазақстандық спортшы атақты швед Гунде Сванды артқа тастап, ең ұзақ 50 шақырымдық шаңғы марафонында бас жүлдені жеңіп алып, алтыннан алқа тағынып оралды.

Ал 1998 жылы В. Смирнов пен павлодарлық конькиші Людмила Прокашева қола алқаларды қанжығаларына салды.

2002 және 2006 жылдардағы ойындарда қазақстандық спортшыларға ешбір жүлде бұйырмады.

Тек, 2010 жылғы Канаданың Ванкувер қаласындағы Олимпиадаға барарда Ресей құрамасына “жарамсыз” деп қабылданбай қалған Елена Хрусталева ойындар басталардан бір жылдай бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, біздің елдің намысын қорғап, биатлоннан күміс алқамен оралды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp