Әлішер Мұқашев – Қызылжар ауданындағы Чапаев негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Екінші санатты, еңбек өтілі – 8 жыл. Елбасының мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі саясатын жүзеге асыру үшін пән мұғалімі ретінде оқушыларды қазақ тіліне үйретуді өзінің міндеті санайды. “Жаңа педагогикалық технологияларды қолдана отырып, оқушылардың сөздік қорын молайту” мәселесі бойынша жұмыс істейді.
Әлішер Болатұлы 2007 жылдан бері қазақ тілі мұғалімдерінің арасында өтетін республикалық “Жүзден – жүйрік”, “Көркемсөз оқу шебері” байқауларына үзбей қатысып жүр. Аудандық байқауда бас жүлдеге ие болған. Республикалық “Жүзден – жүйрік” байқауының облыстық кезеңінде “Болашағы зор мұғалім” аталымы бойынша марапатталған. Ол республикалық “Жүзден – жүйрік” байқауының тапсырмалары жылдан-жылға күрделеніп келе жатқанын айтып:
– Мұғалім әрқашан да оқу керек, ізденісте болу керек. Осындай байқаулардың ұстаздардың шығармашылық бағытта жұмыс істеуіне, білімін жетілдіріп отыруына ықпалы зор. Биылғы “Жүзден – жүйрік” байқауында өзіміздің идеяларымызды ұсындық. Келер жылдары өткізілетін осы байқауда “Панорамалық сабақтар”, “Бөтен сыныптардағы сабақтар” сияқты әдістемелер енгізілсе деген тілегім бар. Оның мұғалімдердің біліктіліктерін арттырып, шеберліктерін шыңдай түсуіне көмегі зор болады, – деген пікірін ортаға салды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.