Қазіргі кездегі қоғамның ақпараттану жағдайында ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірінің әртүрлі саласына біртіндеп өзгерістер енгізуде. Ақпараттық технологияның қарқынды дамуына сәйкес электрондық оқыту деп аталатын оқытудың жаңа технологиясы қалыптасып, нығая түсуде. Сондықтан педагогика ғылымының алдына электрондық оқытудың жүйе құраушы факторлары мен негізгі педагогикалық ұстанымдарын анықтау және айқындауға байланысты бірқатар міндеттер қойылды. Сонымен қатар, электрондық оқыту құрылымы мен мазмұнына, оқыту әдістеріне, оқытудың формасына және құрамына қойылатын талаптарды анықтау қажеттігінен электрондық оқытудың әдістемелік жүйесін қалыптастыру мақсаты туындап отыр.
Электрондық оқытудың әдістеріне топтық әдіс және жекедара оқыту әдісі жатады. Бұларды кеңінен тараған оқыту формаларына жатқызуға болады.
Электрондық оқыту құралдарына оқытуды ұйымдастыру және жүргізу үшін арналған бағдарламалық өнімдерді жатқызамыз. Электрондық оқыту жағдайында әртүрлі оқыту формалары мен әдістеріне мазмұнын қалыптастыру мүмкіндіктерін анықтау үшін оқыту құралдарын салыстыру және оларды бағалаудың негізгі бағыттарын ескеру қажет. Яғни, жасау және қолдану технологиясы, ұсынылатын аспаптар жиынтығы, ұсынылатын қызметтің іске асырылу деңгейі.
Оқушыларға білім беруде жаңа оқыту технологияларын қолдану, инновациялық бағытта жұмыс жасау заман ағымына сай талап етілуде. Оқу үрдісінде компьютерді тиімді пайдалану және қолдану кейінгі жылдары айтарлықтай оң нәтиже беріп отыр. Атап айтсақ, мектеп оқушыларының өз бетімен ізденісі пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығын дамытуға, оқу қызметінің мәдениетін қалыптастыруға, дербес жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше қолайлы жағдай туғызады.
Сонымен қатар электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір оқушы таңдалған тақырып бойынша тапсырмалар орындап, тестілер шешіп, карта және сызбалармен жұмыс жасауға дағдыланады.
Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, бейнекөріністер, дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуге болады. Бұл, әрине, мұғалімнің тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды оқушыларға компьютердің көмегімен ұғындырса, жаңа тақырыпқа деген баланың құштарлығы оянады.
Сырым МҰХАМЕДИН,
Кеңес орта мектебінің
информатика пәні мұғалімі.
Шал ақын ауданы.