“Қызылжар су” ЖШС-іне жаңа бас директор тағайындалды. Оны ұжымға облыс әкімі Самат Ескендіров таныстырды.
Назерке ТҰРСЫНОВА,
журналист.
Петропавлдағы “Қызылжар су” ЖШС-нің құрылғанына 110 жылдан асқан. Бұл – республика бойынша ең көне су кәсіпорындарының бірі. Ғасырлық тарихы бар мекемені енді Жеңіс Сұлтанов басқарады. Ол 1966 жылы Шал ақын ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын сол жылы Сергеев аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде пайдалану жөніндегі инженер болып бастаған. Кейін кеңшардың бас инженері болған.
1998-2004 жылдары – “Уголь НОРД” ЖШС-нің директоры. 2004-2006 жылдары – “Қазагроқаржы” АҚ-ның бас маманы, 2006 жылдан 2009 жылға дейін “Қазавтокөлік” АҚ-ы филиалының директоры қызметін атқарған. 2009 жылдан осы тағайындауға дейін “Алмас Капитал Астана” ЖШС-нің директоры болып қызмет еткен.
Ірі кәсіпорынның басшысы болу жауапкершілікті, кәсібилікті, ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Сол себепті жаңа тағайындалған директорға облыс әкімі бірталай міндеттер жүктеді. Өңір жетекшісі жұмысты қарқындатумен қатар, бұрын жіберілген олқылықтардың қайталанбауы тиіс екенін ескертті.
Қазір кәсіпорында 1000-нан астам адам жұмыс істейді.
Олар ағын суларды қабылдау, кәріздік коллекторлар, сутартқыштар мен аулалық жүйені пайдаланумен айналысады. Орташа жалақы 16 пайызға өсіпті. Сонымен қатар ЖШС-нің жұмысы бірізге түскендігі байқалады. Айтарлықтай апаттар орын алмаған, жұмыс бұрынғыға қарағанда уақтылы орындалып жатыр. Самат Ескендіров ұжымға осы қалыптан таймай, жұмысты жандандыру қажет деп тапсырды.
Облыс әкімі ұжым мүшелерінің сұрақтарына да жауап берді.
Жиын соңында жаңа тағайындалған басшы жұмысты одан әрі жетілдіру жолында аянбай еңбек ететінін сендірді.