Болат САҒЫНДЫҚОВ,
облыстың Құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының төрағасы.
Еліміздің Президенті өзінің халыққа кезекті Жолдауында ата-бабаларымыздың сан мыңдаған жылдар бойғы арманы – Мәңгілік Ел құрудың Ұлттық Идеясын ұсынды. Бұл ұлы мақсатты орындауға барлық қоғамдық бірлестіктерді шақырады.
Стратегияның басты мақсатына жетуде Елбасы жастардың алатын орнын ерекше атап өтті. Өйткені, Мәңгілік Елді құруға белсенді қатысатын, соның жетістіктерінің жемісін көретін де жастар.
Ол үшін жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу өте маңызды. Оны абыройлы атқаруға үлес қосу – біздің, аға ұрпақтың парызы деп білеміз. Бүгінгі күні жастар тәрбиесінде олқылықтар жетерлік. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жас ұрпақтың санасына сіңіру ісі кенже қалып отыр. Тәрбие басы – тал бесікті тербететін аналардың әлдиін естімеген, “әже университетін” өтпеген баланың ұлттық рухты бойына сіңіруі екіталай.
Мектептегі мұғалімдер болса, Елбасы айтқандай, қағазбасты, тексерістен көз аша алмай жүрсе, тәрбие мәселелеріне уақыттары жетпей жатады. Сондықтан олардың тәрбие беруге мүмкіншіліктері шектеулі.
Осы тәлім-тәрбиенің күрделенген жағдайын көздері көріп, көңіл бөліп жүрген ардагерлер аз да болса, бұл іске өз үлестерін қосып келеді. Ардагер ұстаздар мектеп оқушыларымен кездесіп, тәрбие сабақтарын жүргізеді, түрлі кездесулер өткізеді. Осы маңызы зор жұмысты кең көлемде, әсерлі түрде жалғастыру мақсатында ақсақалдар алқасы “Қариялар тәрбие мектебін” ұйымдастырмақ. Облыстық ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, бұл мектептің бағдарламасын дайындадық. Бастамамыз облыс әкімдігінің Ішкі саясат, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар, Білім басқармалары тарапынан қолдау тапты.
Тәрбие бағдарламасы ауқымды – балабақшалардан бастап, мектеп оқушыларымен орта және жоғары оқу орындарының студенттеріне дейін қамту көзделіп отыр. Ақсақалдар алқасының құрамында білімді де білікті, бай тәжірибе жинаған, жастарға берері бар ардагер педагог-ұстаздар жеткілікті. Олар ондаған жылдар бойы жиған тәжірибесін, білгенін, тірнектеп тергенін жас ұрпақтың игілігіне жаратпақшы.
Біз, аға ұрпақ, Президентіміздің халыққа Жолдауын, ел игілігі, халық мүддесіне арналған айқын іс-шараларын, ауқымды ұсыныстарын қолдаймыз. Олардың тыңғылықты да тиянақты іске асуына өзіміздің қолдан келер үлесімізді қосамыз деп сендіреміз.
Президент Жолдауында тіл мәселесіне жеткілікті орын берілген. Қазақ тілінің өркендеуі мен өрісінің кеңейіп, өсіп келе жатқанын, оны дәлелдейтін біраз жайттарды алға салды. “Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды!” деген Елбасының сөзі әрбіріміздің жүрегімізге қуаныш сезімін ұялатты.
Тәуелсіздік әкелген зор жетістік – асыл арманымыздың орындалғанын мақтан етеміз. Қазір тайсалмай, жалтақтамай “Өз жерім, өз елім, өз тілім!” деп айта алатын заманға жеттік.
Тәубе, деп қана қоймай, әлі де болса бұл істе кемшіліктер барын көзді ашып көріп, саралап, жоюға бәріміз болып жұмылып, біраз іс-шаралар атқаруға міндеттіміз.
Сұраныстың аздығынан, талап-ниеттің жеткіліксіздігінен мемлекеттік қызметшілер, тіпті, кейбір басшы қызметкерлер әлі күнге дейін мемлекеттік тілді меңгерген жоқ және оған құлшыныстары жоқ па деп қаласың.
Президент Жолдауында айтылғандай, тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша он миллиард теңге бөлініпті. Жүйелі түрде мемлекет қаражатына оқып жатқандар мен оқытушылардың жұмысының нәтижесіне сұрау бар ма?! Жиырма жылда мемлекеттік тілде жиырма сөйлем үйренбегендерге не деуіміз керек? Жұмсалған қаражаттың нәтижесіне кім жауапты?
Мәңгілік елдің Мәңгілік тіліне лайықты құрмет керек.
Әлі күнге кейбір мекемелерде ілінген ақпараттарда, маңдайшалардағы, көшелерде орнатылған жарнамалардағы қателер жойылып біткен жоқ.
Газет-журналдар сатылатын дүңгіршектерде қазақ тіліндегі басылымдарды, құттықтау хаттарын таба алмайсың. Намысымызға тиетін мұндай өрескел жайттарды жою үшін үзілді-кесілді шара қолдану керек.
Ана тілді білмегеннің, дұрыс меңгермегеннің кесірі балаларды қазақ тілінде оқытуға тиіп отыр. Ата-ана өздері тілден мақрұм болған соң баласына көмек бере алмайды. Үйде қолдау болмаса, баланың үлгерімі төмен болатынын көзіміз көріп жүр. Ондай ата-аналар балаларын орыс сыныптарына береді. Бұл – шешуін күткен күрделі мәселе.
Президент Жолдауында халықтың хал-ахуалы назардан тыс қалған жоқ. Оның ішінде азық-түлікке деген сұраныстың өсе түсетіні айтылды. Ол үшін агроөнеркәсіп кешенін инновациялық жолға түсіру міндеттелді. Қазіргі фермерлерге бүгінгі ауа райына байланысты қол жеткен жетістіктермен мардымсымай, өнімді өсіру міндеті жүктеліп отыр. Сұраудың жоқтығынан жер пайдалануда көптеген кемшіліктер орын алғаны жасырын емес.
Оның қырсығы ауыл тұрғындарына тиіп отыр. Жерді пайдаланушылар қосалқы шаруашылықтарды жемшөппен қамтамасыз етуді өз міндеті деп есептемейді. Ол ауылдық жерде мал басының едәуір қысқаруына әкеліп соқты. Ал ауылдықтардың негізгі күнкөріс көзі мал өсіру емес пе?
Ауылдағы қордаланып қалған көп мәселелер өзі шешімін күтеді. Алдымен, Үкімет тарапынан көңіл бөлінеді деп ойлаймыз.
Біз Президентіміздің Жолдауын қолдаймыз, “Қазақстан – 2050” Стратегиясының орындаларына кәміл сенеміз. Оған жету – бәріміздің ортақ парызымыз.
Қызылжар ауданы.