Елбасы Жолдауында Ұлттық Идея ретінде ұсынылған Мәңгілік Елдің ұрпақтарын оқытып, тәрбиелеу үшін ұстаздар қауымы өзгерісті өздерінен бастады. Көптеген ұстаздар әртүрлі деңгейде өз білімдерін жетілдіруде. Мен де Кембридж факультеті және педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының екінші деңгей бағдарламасы бойынша үш айлық курсты Петропавл қаласында оқып, аяқтадым. Екі ай бойы білім нәрімен сусындатқан жаттықтырушымыз Өскемен қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі, қазіргі уақытта Астанамыздың Педагогикалық шеберлік орталығының жаттықтырушысы болып жүрген Толқын Айдосоваға алғысымыз шексіз.
Енгізіліп отырған жеті модульден құралған бағдарламаның менің өмірімде алатын орны ерекше. Әлемдік тәжірибеге негізделе отырып жасалған бұл бағдарлама оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлелін нанымды жеткізе алатындай, сенімді, сыни пікіркөзқарастары жүйелі дамыған, танымдық қызығушылығы мен мүмкіндігі жоғары оқушы қалыптастыруды мақсат етеді.
Қазіргі уақытта жаңа талап бойынша ұстаздар қырық бес минут сабақ беруде оқушылардың психологиясына терең бойлап, дұрыс қарым-қатынас жасауға бағыттайды. Тіпті, сабақ соңында бұрынғыдай емес, қол жеткен табыстарға ризашылық білдіру оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасының жақындығына әкелсе, оқушыларды әрі ой еңбегімен шұғылдандыруға жетелейді. Бұл 7 модуль барлық сабақтарда қолдануға ыңғайлы әрі тиімді.
“Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту” (СТО) модулінің қазіргі таңда білімді, білгенін өмірде пайдалана білетін шәкірт тәрбиелеуде алатын орны ерекше. СТО-ны дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған білім берушілердің бірлескен еңбегі, ал бағдарламаның негізіне Ж.Пиаже, Л.Выготский теориялары алынған.
Сабақтарымда кластер құру, “ашық-жабық” сұрақтар, екі түрлі күнделік стратегияларын қолдану арқылы балалар өз беттерінше тұжырым жасауға, ойларын еркін жеткізуге, ұқсас құбылыстар арасынан тиімдісін таңдай білуге үйренеді. Сын тұрғысынан ойлау стратегиясы бойынша жүргізілетін жұмыста оқушылардың тиісті деңгейде:
1) өз бетінше тұжырым жасау, қорытындыға келу;
2) ұқсас құбылыстар арқылы арасынан тиімдісін таңдай білу;
3) проблеманы шеше білу;
4) пікірталасты жүргізе білу қабілеттері белгілі бір деңгейде қалыптасады деуге болады. Оқушылардың дүниетанымын, ой-өрісін кеңейту, өмірге деген көзқарасын жан-жақты дамытып, шығармашылық қабілетіне жол ашуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану – заман талабы. Мектептегі технологияларға теледидар бағдарламалары, электрондық оқулықтар, Интернет, ұялы телефон, компьютер, т.б жатқызсақ, сабақтарымызда оқушылардың қызығушылығын ояту, ынтасын арттыруда бұл құралдарды пайдаланып жүрміз.
Білім беру үшін бағалау және оқытуды бағалау модулі біз үшін жаңалық болмаса да, осы курс нәтижесінде бағалауға деген мүлдем жаңа көзқарас қалыптасты десем, қателеспеймін. Балаларды ынталандыруда тәуекелге барып, оқушылардың жауаптарын жоққа шығармай, бағалау критерийлері арқылы әділ бағалауға қол жеткізудің мұғалім үшін де, оқушы үшін де тиімділігін ұғынып, аз уақыт ішінде болса да бағалау түрлерін өз тәжірибемде пайдаланып, оң нәтижелерге қол жеткізгелі жүрмін.
Тек қана оқушыларды оқытумен шектелмей, мектептегі ұстаздардың қажеттіліктеріне байланысты жеті модуль бойынша коучинг сессиялар да өткізіп тұрамын. Оларға қатысқан мұғалімдер өз сабақтарына осы модульдерді қолдануда.
Білім беру жүйесі – әр елдің даму болашағын айқындайтын, әлемдік өркениетке жетудің негізгі бағыттарын көрсететін біртұтас құрылым. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер білім беру жүйесінің алдына бәсекеге қабілетті, мәселелік жағдаяттарға өзіндік шешім қабылдай алатын шығармашыл тұлға қалыптастыру, дамыту міндеттерін қойып отыр. Аталған міндеттерді орындауда оқушының пәнге деген қызығуы, танымдық белсенділігі жоғары болуы ескерілуі тиіс. Танымдық қабілетті дамытудың басты ұстанымы – дайын білімді алу емес, ол туралы алғашқы танымды дамыту. Мұғалімнің бұл үдерістегі басты мақсаты – оқушыларды дербес ойлауға, өз беттерімен еңбектенуге, ізденуге, бір нәрсені өздерінше шеше білуге, шешім қабылдай білуге баулу. “Мұғалімнің қабілетімен баланы сабаққа қызықтыруға және белсенді қатыстыруға болады”, деген екен америкалық ғалым Эриксон. Кант оқушыны ойларға емес, ойлануға жетелеу қажет екенін айтқан. Ұлы ойшыл Конфуций: “Оқып, бірақ ойланбау, ойланып, бірақ оқымау түбірімен зиянды”, деп атап көрсеткен. Бұл – шындық. Ендеше қазіргі заман мұғалімнің мәртебесі өздігінен келетін нәрсе емес, ол – көп еңбектенуден туындайтын күрделі мәселе. Егер мұғалім білімді де білікті болса, ол мәртебелі де болады. Ұстаз сыншысы – алдындағы шәкірті. Көп ізденген, көп еңбектенген адамды олар біліп отырады. Сондықтан әр іске жауапкершілікпен қарау керек.
Гүлхан ИМАҒАНБЕТОВА,
Жамбыл орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Уәлиханов ауданы.