Ертең Ресейдің курортты қаласы – Сочиде ХХІІ қысқы Олимпиаданың алауы тұтанып, әлемдік спорттың төртжылдық кезеңінің ең құрметті жарыстарына жер-жаһан жұртшылығы көз тігеді.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Олимпиада ойындарын өткізу – қай елге болса да үлкен сын. Мысалы, осы ойындарға даярлықтың барысында Сочиде бірнеше жаңа спорт құрылыстары салынды, спортшыларды, делегациялар мүшелерін және әлемнің әр қиырынан келетін көрермендерді орналастыру үшін мейманханалар, қарым-қатынас мақсатында көлік және басқа да тасымал құралдарына арналған қоныстар тұрғызылды. Ресей Президенті Владимир Путин осы мәселе бойынша тілшілерге берген сұхбатында бұл мақсатқа 214 миллиард рубль жұмсалғанын айтты.
Ойындарды өткізетін қалаларды таңдауда Сочидің қалайша жолы болғанын да айту керек. 2007 жылғы 4 шілдеде Гватемаланың астанасы – Гватемала қаласында Халықаралық Олимпиада комитетінің 119-шы сессиясы өткені белгілі. Осы сессияда ХОК-тің хартиясына орай үміткер қалалар тізімге енгізілгенді. Оған дейін Канаданың Ванкувер қаласында 2010 жылғы ХХІ ойындар болатыны анықталғанды.
2014 жылғы Олимпиаданы өткізуге жеті қала таласты. Осы үміткерлердің қатарында Алматы да болды. Алайда, ол ХОК мүшелерінің алғашқы дауыс беруінде көп ұпай жинай алмады. Сол бірінші кезеңде Хака (Испания), София (Болгария), Боржоми (Грузия) қалалары да Алматының қатарына қосылды. Комитет мүшелері бірінші кезеңде Зальцбургты (Австрия, 25 дауыс), Пхенчханды (Корея, 36 дауыс) және Сочиді (34 дауыс) таңдады.
Дауыс берудің осы нәтижесінен кейін ең көп ұпай жинаған екі қала ақтық тайталасқа түсті. Екінші кезеңде ХОК мүшелерінің 51-і Сочиге дауыс берсе, 47-сі оның қарсыласын лайық көрді. Сөйтіп, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге ұйымның 119-шы сессиясында ХХІІ қысқы ойындардың Сочиде өтетінін мәлімдеді.
Кореяның аталған қаласында келесі, 2018 жылғы ойындардың алауы жағылады.
Сочиде спортшылар 15 түр бойынша 98 медальді еншілеуге таласады. Бұл түрлер – биатлон, бобслей, тау шаңғысы, керлинг, коньки, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, тұғырдан секіру, шана спорты, скелетон, сноубординг, конькимен мәнерлеп сырғанау, фристайл, шорттрек және хоккей. Жарыстың ең көп түрлері конькиден және шаңғыдан өтеді. Бұл екеуінің әрқайсысы жарыстың 12 түрін қамтиды. Биатлоннан 11 жарыс өтеді. Сноубордтың, тау шаңғысының және фристайлдың бағдарламасына әрқайсысы он түр енгізілген.
Олимпиаданың үш ресми бойтұмары бар. Олар – ақ аю, қар қабыланы және ақ қоян.
Бұрынғы Кеңес Одағының он бес республикасынан Түркіменстаннан басқаларының спортшылары сынға түсуге әзір.
Бұлардың ішінде ең көп үміткерлер – ресейліктер. Бұл елден 225 спортшы қатысады делінуде.
Қазақстанның намысын елуден аса спортшымыз қорғамақ. Олардың бесеуі – біздің өңірден, конькишілер Дмитрий Бабенко мен Роман Креч, шаңғышылар Қайрат Қанафин мен Елена Мазуренко және Елена Урванцева. Жерлестеріміздің және отандастарымыздың жолдары болуын тілейік.
Бір қызығы, Африканың Гана, Сенегал, Того, Зимбабве сияқты елдерінен де, сондай-ақ Ямайкадан, Непалдан, Колумбиядан, Моңғолиядан спортшылар лицензиялар иеленген екен.
Олимпиада ойындары сияқты аса үлкен жарыстарда тәртіпті сақтауға айрықша қатаң назар аударылады. Спортшыларды және делегациялардың мүшелерін, көрермендерді лаңкестік әрекеттерден сақтандыруға үлкен күштер тартылатынын Ресей басшысы атап көрсетті.
Осы орайда 1972 жылғы Мюнхендегі ХХ жазғы Олимпиада кезінде палестиналық лаңкестердің Израиль балуандары мінген ұшақты басып алып, Германияның қауіпсіздік күштері әрекет ете алмай, жиырма шақты спортшы өзге де жолаушылармен бірге опат болғаны еріксіз есімізге түсіп отыр.
Сондықтан Сочиде 25 мыңнан аса ерікті жасақшылар тәртіп сақшыларына жәрдемдеседі.
Төртжылдықтың ең маңызды әрі құрметті ойындары – ХХІІ Олимпиада ертең басталып, 23 ақпанда алауын сөндіреді.
7 наурызда мүгедек спортшылардың Паралимпиадасы басталады.
Сочи Олимпиадасы ХОК-тің жаңа президенті Томас Бахтың басшылығымен өтетін тұңғыш ойындар болмақ. 51 жастағы неміс спорт қайраткері бұл қызметке 2013 жылдың 10 қыркүйегінде сайланды.