“Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Қазанов пен аудандық мәслихаттың бас маманы Серік Ысқақов Елбасының Жолдауын талқылау мақсатында №12 өрт сөндіру және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдерінің жеке құрамымен кездесті.
Ерлан БАЙМЫШЕВ,
Мағжан Жұмабаев ауданы
төтенше жағдайлар
бөлімінің бастығы.
Болат Қазанов Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы “Қазақстан – 2050” стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырудағы 10 маңызды идеяны қамтитынын тілге тиек етті.
– XXI ғасырды Қазақстанның алтын ғасырына айналдыру мақсатында еліміздің жарқын жолы – Мәңгілік Ел болу үшін қазақстандық патриотизмді, инновациялық жобаларды, геология, археология, көлік, энергетика, экономика салаларын, ғылым-білімді, шағын және орта бизнесті дамыту тетіктері жан-жақты баяндалған Жолдауда Елбасы дамыған мемлекеттердің қатарына ену жолында еңсере еңбек етуге шақырады. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметінің алдына маңызды бірқатар тапсырмаларды қойды. Бұл елдің ертеңге деген үлкен сенімін арттыратыны сөзсіз. Ал ол үшін жұмылған жұдырықтай бірлік керек. Осы бағытта “Нұр Отан” партиясы Елбасының жаңа Жолдауындағы маңызды мәселелерді жүзеге асыруға барынша күш салмақ, – деді Болат Қазанов.
“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан”, – деген Елбасының сөзін мысалға келтірген аудандық мәслихаттың бас маманы Серік Ысқақов Жолдауда елімізді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың аса маңызды бағыттары мен оны жүзеге асырудың жолдары көрсетілгенін айтты.
Өзара талқылау барысында биылғы Жолдаудың ерекшелігі мен маңыздылығы айтылып, алдағы жұмыс жоспары биылғы жылдың басты құжатымен тығыз байланысты болатыны сөз етілді.