«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІЛЕҢ ЖЕМІС, КӨКӨНІСТІҢ БАЗАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазір жеміс-жидек пен көкөніс ешкімге де таңсық емес. Тропиктік, субтропиктік жеміс-жидектердің өзін қақаған қыстың ортасында тұтына аламыз. Бұл қажеттілікті орындайтын саудагерлер қатары да қалың. Солтүстікқазақстандықтардың сұранысын қанағаттандыра отырып, табыс тауып жүрген саудагерлердің кәсібіне үңілген кезімізде бұл бизнестің қызық та қиын сала екендігіне көз жеткіздік. Петропавл қаласындағы “Южный” көтерме сауда базарының басқарушысы Симаназ Шахановамен осы жайында әңгімелестік.

– Симаназ Садоқызы, сауда кәсібі Сізге жақсы таныс. Оның үстіне бес жыл бойы осы көтерме базарда әкімшілік қызмет атқарып келесіз. Жалпы көкөніс пен жеміс-жидек саудасының өзіндік ерекшеліктерін байқаған боларсыз? Ендеше осы туралы ойыңызды ортаға салсаңыз.

– Бұл кәсіпке тәуекелге бел буған адам ғана бара алады. Олар бастапқыда аз тауармен жұмыс істесе, кейін өз шама-шарқына қарай көсіледі. Тауарды жолда үсітіп алу немесе ыстықта бүлдіріп алу қаупі болмай қоймайды. Біздің базарда көтерме саудамен айналысатын 15 жеке кәсіпкер тіркеліп, өз табыстарын тауып, сондай-ақ бірнеше ондаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Көтерме және бөлшек сауданың арақатынасында баға жағынан айырмашылық болады. Жалпы көкөніс пен жеміс саудасы – маусымдық табыс. Саудагерлер тұтынушылардың сұранысына қарай жұмыстарын ұйымдастырады. Тоқетерін айтар болсам, бұл бағытта нәпақасын тауып жүргендердің табысы таза маңдай термен келеді дер едім.

– Біздің өңірге тауарлар қай жақтан әкелінеді?

– Жеміс-жидектер Еуропадан да, Азиядан да, Африкадан да тасылады. Олардың көбі Санкт-Петербургке су қатынасы арқылы жеткізіліп, бұрынғы ТМД елдерінің аумағына таратылады. Біздің кәсіпкерлер сол жаққа дейін шығып, тауарлар әкеледі. Алматы, Қарағанды қалаларында көтерме сауда жасайтындармен де жұмыс істейміз. Қытай елі бағытындағы бизнес жолы да өз арнасына түскен. Өзбек бауырлар да біздің өңірді өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Әр саудагер өз шамасына, өзі қалыптастырған жолына қарай табыс табуда.

– Бұл кәсіптің басты қиындығы неде?

– Тамырынан жұлынған немесе піскен өсімдіктің сақталу мерзімі қашанда қысқа. Жазда оларды ірітіп-шірітіп алу, қыста үсітіп алу қаупі басым. Бұл жерде кәсіпкерге пысықтық керек. Ол сату мүмкіншілігіне қарай тауар әкеліп, оны жылдам өткізуі қажет. Бұл жерде бәсекелестікті басты назарда ұстаған абзал. Осы жердегі бес жыл еңбек өтілімде талай кәсіпкер тауарын уақтылы өткізе алмай, банкрот болғанын көрдім. Әрине, жеміс-жидек және көкөніс саудасымен айналысуды жөн көрген адам оның қаншалықты қатерлі екендігін түйсініп, белін бекем буып келеді. Бұл кәсіппен айналысу үшін несие алғанды құптамаймын. Бұл – өте қауіпті, кездейсоқтығы басым бизнес. Әр көкөніс пен жеміс-жидектің сатылу мерзімі бар. Мәселен, қыс айларында, әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында цитрусты жемістер жақсы сұранысқа ие. Ал жаз шыға құлпынайдан басталған сұраныс екі-үш ай бойы жидектермен табысты болады. Ал күз – біздің сала кәсіпкерлері үшін ең бір қауырт мезгіл. Олар жұрттың талабын орындау үшін жанталаса еңбек етеді. Осылайша жыл он екі ай бойы кәсіпкерлер тауарларын ауыстыра отырып, табыс табады.

– Бұл табыс көзіне бейімделу оңай ма?

– Базарға жүк тасушы болып орналасқан адам айналасын бағдарлай жүріп, бастапқыда бөлшек сауда жасап көріп, кейін ұйымдастыру қабілеті өскен кезде “қармағын” одан да үлкен “балыққа” бағыттай алады. Жалпы бұл кәсіпті игеру қиынға соқпайды. Жұмысқа тиянақты, қалтасына түскен қаржыны тиімді жұмсауды жақсы білетін адам бұл бизнес көзінен өз несібесін көре алады.

– Көтерме сауда базарындағы тауарлардың сапасы мен мәдениетті қызмет көрсетілуі – Сіздердің назарларыңызда. Сондай-ақ бүгінгі саудагер мен тұтынушы арасындағы байланысты қалай бағалайсыз?

– Әрине, біздің базардың аумағына енгізіліп, сатылатын тауардың сапасы үшін бірінші кезекте базар әкімшілігі жауапты. Сапа көрсеткіші біздегі арнайы зертханада тексеріледі. Жаңа келген тауардан сол бойда сынама алынып, сараптама жасалады. Егер өнімнің адам ағзасына зиянды әсері бар екені анықталса, ол тауарды сатуға рұқсат берілмейді. Бүгінгі көтерме сауда кәсіпкерлері тауарларын өздері сатып алған кезде мұқият таңдауға тырысады. Сондай-ақ бөлшек сауда жасайтын орталықтар тауар бүлінген болса, көтерме саудагерге қайтаруға құқылы. Ал ондай жағдай кәсіпкерге үлкен шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан бүгінде бизнес адамының өз тауарының сапасына деген жауапкершілігі артқан. Тұтынушылардың да талабы жоғарылаған. Олар сауда орталығына келіп, өзінің көңілі қалаған тауарды таңдап, сатып ала алады. Әр тұтынушы өзіне жеке-дара қызмет көрсеткенді қалайды. Бүгінгі тұтынушы мен саудагер құқықтары мен міндеттерін жақсы біледі. Бұл салада жұмыс істеу оңай емес. Жеміс-жидек өнімдерін өндірумен айналысатындардың тауар сақтайтын арнайы қоймалары болады. Онда олар тауарды керекті температурада ұстайды. Ал қоймадан шығарылғаннан кейін көптеген өнімнің сақталу мерзімі қысқарады. Сондықтан сырттан әкелінген тауарлар белгіленген мерзім ішінде сатылып кетпесе, олар қоқысқа лақтырылады. Ондай жағдайға жеткізбеу үшін кәсіпкер бағаны құбылтып, тез сатуды көздейді. Сондықтан бұл салада бәсекелестік мықты. Әр кәсіпкер тауарын тез өткізуге ынталы. Бәсекелестіктің өзі бағаны реттеп отырады.

– Соңғы жылдары қияр мен қызанақтың бағасын қыс мезгілінде шарықтату дағдыға айналған. Биыл оның, тіпті, өсіп кетуіне не себеп?

– Біріншіден, биыл көптеген көтерме саудагерлердің алыстан арбалаған тауарлары бұзылды. Олар жолда өнімдерін үсіңкіретіп алған сыңайлы. Сондай-ақ қыста өндірушілердің өзі бағаны көтереді. Үшіншіден, бұл өнімдер Өзбекстаннан бізге жеткенше бағасына баға қосыла түседі. Ал Шымкенттің қияры мен қызанағы көктемге қарай біздің жаққа жеткізіле бастайды. Сол уақытта өңіріміздегі “Наурыз – 2020” ЖШС-нің де өнімдері шымкенттіктердің қиярына бәскелестік тудырады. Осы кезде баға өзгеруі мүмкін.

– Әр жеміс-жидектің сатылу мерзімі бар деген ойыңызды тарқата айтсаңыз.

– Ол былай: Жаңа жылда мандарин көп сатылды. Кәсіпкерлер ол кезде цитрус жемістерін көп әкелді. Алайда, биыл саудагерлер саудалары аса жүрмегенге налып отыр. Жалпы жемістер мерекелік дастарқанның ерекшелігін аңғартады. Сондай-ақ әр жемістің әдеттегіден аса көп сатылатын мерзімі болады. Мәселен, цитрус жаңажылдық дедік, өрік-мейіз – мұсылмандық діни мерекелер кезінде, жидектер – жаздыгүні тосаптар жасағанда. Сондай-ақ кәсіпкерлер жұртшылықты тауарымен қызықтыру үшін де түрлі әрекеттерге барады. Мәселен, айдаһар жылын қарсы аларда саудагерлер Қытай елінен “айдаһардың жүрегі” деп аталатын жемісті әкеліп сатты. Ондағы айтпағым, бұл кәсіп те ізденіс пен нарықты жан-жақты бақылап отыруды талап етеді. Сондай-ақ кейбір жемістерге бір кездері сұраныс болмай қалады. Жаңағы цитрусты жемістерді алайық, жаз айларында жұрт оларға тіпті қызықпайды. Тұтынушылардың тәбеті бұл кезде жидектерге ауады.

– Жеміс-жидек, көкөніс сырттан көп әкелінеді. Ал біздің тауар өндірушілер туралы ойыңыз қандай?

– Иә, біздің нарықтағы тауарлар жердің түкпір-түкпірінен тасылады. Бұл – дұрыс. Кейбір жемістер біздің жақта өспейді. Ал адам ағзасы үшін оның құрамындағы пайдалы заттар қолжетімді болуы керек. Бүгінде нағыз Алматы апортының дәмін ұмыта бастасақ та, қазіргі таңда Қытай, Молдова, Әзірбайжан, Қырғызстан, Польша елдерінің алмалары оның орнын толтырып отыр. Әрине, біздің құнарлы жерімізде өскен көкөніс, жеміс-жидектердің дәмі ерекше болары сөзсіз. Бұл – үлкен маңдай терді талап ететін еңбек. Дегенмен, осымен айналысатын кәсіпкерлер қатары көбейсе деймін. Бүгінде біз картоп, сәбіз, қырыққабатты молынан егетін болдық. Сондай-ақ жазда өз өңірімізде өсетін жемістерді жинап, сату ісін қолға алдық. Алайда, әлі де мүмкіндігімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Ресейдің өзінде жеке кәсіпкерлер жылыжайда құлпынай өсіре бастапты. Бұл – біздің де қолымыздан келетін іс. Сондықтан жылыжайлар жасап, табыс табудың көздерін ұйымдастыратын іскер адамдар қатары көбейсе деймін. Біздің базарда өзіміздің тауар өндірушілерге ерекше құрмет көрсетіледі. “Зенченко және К” КС-нің, “Жасмин” ЖШС-нің, “Наурыз – 2020” ЖШС-нің тауарларына орын берілген. Біз жергілікті өнімдерді жақсы көреміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp