Тәуелсіздігі осыдан 20 жылдан сәл астам бұрын ғана ресми түрде мойындалған, бірақ Тәуелсіздікке жету жолындағы көпғасырлық тәжірибесі оқиғаларының көптігімен, оның тұлғаларының күштілігі және беделділігімен, одан алған тәлімі мен тағылымының ерекшелігімен таңғалдыратын ел үшін топтастырушы фактор аса қажет.
2014 жылдың 17 қаңтар күні 18-ші рет жария етілген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – осындай факторлардың бірі. Осы уақыт ішінде қазақстандықтардың жаңа ұрпағы туды, ондаған мың жастар мамандық алды, бүгінде өмірден өз орындарын тапқан тұрғындардың айтарлықтай бөлігі даму кезеңін елмен бірге өткерді… Бүгінгі таңда Қазақстан халқын шын мәнінде бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ біріктіреді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында біздің ұмтылыстарымыз бен күш-жігерімізді, жанқиярлық еңбегімізді топтастыратын Мәңгілік Ел Ұлттық Идеясы тұжырымдалған. Мәңгілік Ел – бұл біздің әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына ену міндетін белгілеп отырған Қазақстан халқы ұрпақтарының алдындағы жауапкершілігіміз, лайықты әрі ұлы Қазақстанды дамыту стратегиямыз.
Таяудағы 10-15 жылда инновациялық көшбасшылыққа жетуді және технологиялық инновацияларды енгізуді өзінің стратегиялық императиві ретінде айқындаған, ал одан кейін 2030 жылдан бастап ғылыми қамтымды экономиканы тұрақты дамытуға бағытталған еліміздің үдемелі алға жылжуы оның азаматтарын тиісінше тәрбиелеуді қажет ететіні сөзсіз.
Бүгінгі күні біздің жастардың тәрбиесі көшбасшы елдерде әлдеқашан ерекшеленген меритократизм – адамды оның шыққан тегіне, мұрагерлік көлеміне, ата-анасы мен туған-туысқандарының ықпалына, күші мен сыртқы қолдауына қарап емес, оның тұлғалық ресурстарын, ділін, бағдар құндылықтарын, кәсіби құзыреттіліктерін бағалау жағдайында жүргізіледі. Осылайша өздері түк бітіре алмайтындар мен оқымаған адамдардың пайыздық көрсеткіші ұдайы кеміген және жаңа үлгідегі көшбасшылар – еркін, сенімді және құзыретті кәсіби мамандардың, сонымен қатар мемлекет құраушы құндылықтарға берілгендер саны ұлғайғанда отбасындағы, білім беру ұйымдарындағы, басқа да тұлғаны әлеуметтендіру институттарындағы тәрбиені тиімді деп санауға болады. Соның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары руханилықты, жалпыға ортақ еңбек қоғамын, тарих, мәдениет, тіл ортақтығын атады.
Мәңгілік Ел азаматтарын тәрбиелеу үшін жастардың өмір әрекеттерінің түрлі салаларында олардың табысты көшбасшылыққа талпыныстарын ынталандыратын себептер мен құндылық бағдарларына қажеттілікті қалыптастыру қажет. Бұл мәселе – табысты тұлғаны тәрбиелеуде мақсатты, жүйелі және ұдайы жұмыс жүргізетін білім саласы қызметкерлерінің негізгі міндеті. Ол тұлға қол қусырып, қолайлы сәтті тосып, қарап отырмай, сынаптай сырғыған уақытты өзіне бағындыратын, оны тиімді пайдаланатын болуы керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы жылғы Жолдауында қазақстандықтың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігі туралы айта отырып, ондай тұлғаның мүмкіндік ауқымын кеңейте түсті.
Басқа салалардағыдай ел тағдырын барша халықпен бірге жасау бұйырған білім беруде де балалар мен жастарды тәрбиелеу мен оқытуда еліктеу үшін үлгі қажет. Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университеті жасампаздық еліктеудің шынайы үлгісі бола алатыны қуантады.
Қазақстан Республикасының білімі және ғылымын дамытудың басым бағыттарына сәйкес отандық мектептер мен жоғары оқу орындарына еліміздің осы үздік оқу орындарының тәжірибелерін тарату жөнінде 2014-2016 жылдарға арналған кешендік шаралар жоспарланған. Таратылатын тәжірибе мазмұны – оқушылар үшін оқулықтар шығару, көптілді білім беру, жаратылыстану циклі пәндерін оқу кезінде оқушылардың жобалық қызметі, кіріктірілген білім беру бағдарламалары, ғылыммен түпкілікті айналысу, оқытудың қолданбалы бағыты, академиялық автономия және тағы басқалар болу керек.
Әрине, Жолдауда білім берудің басқа ұйымдарының алдына да тиісінше міндеттер қойылған. Осылайша жоспарланған 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамту балаларды ерте жастан дамыту бағдарламаларын тиімді жүзеге асыру жағдайында ғана маңызға ие. Бірақ осындай бағдарламаларды әзірлеу мен енгізу үшін басқа да бірқатар маңызды және көлемді міндеттерді орындау керек. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ, соның ішінде (солтүстікқазақстандық) филиалдарына 2014-2016 жылдарға арналған мектепке дейінгі білім беру педагогтерін курстық даярлаудың деңгейлік бағдарламасын әзірлеу және енгізу міндеті тұр.
Техникалық және кәсіптік білім беру де жүйелі жақсартуды қажет етеді: өйткені, ақылды және бұдан әрі ғылыми қамтымды экономикаға, ең алдымен, орта буындағы зияткер кадрлар қажет. Техникалық және кәсіби білім беру міндеттерінің қатарында – алғашқы жұмысшы мамандығы аясында жастарды қамтуды ұлғайту, колледждерді осызаманғы қондырғылармен жабдықтау, дуальдік жүйе енгізу, колледж түлектерінің біліктіліктерін тәуелсіз сертификаттау, тағы басқалар бар.
Жалпы алғанда, Мәңгілік Елге қарай жылжуымыз бізді жаңа экономикалық, өндірістік, ғылыми, мәдени, технологиялық байланыстарды дамыту үшін біріктіреді. Біздің Мәңгілік Ел жасаудағы жасампаздығымыздың бастауы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ болып табылады.
Алма МЫРЗАЛИНОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ
СҚО ПҚБАИ-ның директоры.