Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрі Франс Тиммерманспен кездесті.
Кездесу барысында түрлі салалардағы екі-жақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара ықпалдастық аясын кеңейтуге ерекше назар аударылды. Өзекті халықаралық мәселелер де талқыланды.
Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапарына ризашылығын білдірді.
– Нидерланд – Қазақстан экономикасына ірі инвестиция салушы әрі Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық серіктесіміз. Біз екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Бұл сапар мемлекеттеріміз үшін маңызды болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сыртқы істер министрі кездесудің өтуіне жасалған мүмкіндік үшін алғысын айтты.
– Алғашқы ресми сапардағы міндетім – Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысу үшін Нидерланд Королінің біздің елге келу жөніндегі шақыруын жеткізу. Сондай-ақ Премьер-Министрмен екіжақты кездесулер жоспарланған. Біз теңізге шығатын және порттық инфрақұрылымдары дамыған ел, ал Қазақстан орасан әлеуеті бар ел ретінде күш-жігер біріктіріп, зор нәтижеге жетеміз деп санаймыз, – деді Франс Тиммерманс.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру туралы жоспарын іске асыруға Нидерландтың атсалысу ниеті барын атап өтті.
Akorda.kz.