«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚА ТҰЙЫҚТАЛУ және ҚАТТЫ ҚЫЗҒАН ПЕШТЕР бір аптада орын алған өрттерге себеп болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен аптада өңірімізде орын алған 30-дан астам өрт оқиғасы 4 адамның өмірін жалмап, бірнеше адамды баспанасыз және көліксіз қалдырды.

Қысқа тұйықталудың кесірінен Шал ақын ауданының Жаңажол ауылында тұратын бір отбасы үй-күйсіз қалды. Қызымен және немересімен бірге тұратын зейнеткердің үйін шарпыған өрттің аумағы 144 шаршы метрді құрады. Қызылжар, М.Жұмабаев, Мамлют аудандарындағы және облыс орталығындағы кейбір үйлерден шыққан өрттің себебі де қысқа тұйықталу болып отыр.

Өткен аптаның шыңылтыр аязы кезінде жеке тұрғын үйлердің түтіні будақ-будақ ұшып, өңір жұртшылығы пештерін еселеп жақты. Соның салдарынан Аққайың, Шал ақын аудандарында, Бескөл ауылында және облыс орталығында бірқатар өрт оқиғалары орын алды. Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылында да пешті тым қыздырып жібергендіктен, бір үйдің қабырғалары мен төбе жабыны тұтанып кеткен. Абырой болғанда өртсөндірушілер дер уақытында жетіп, өртті ауыздықтап үлгерді.

Ал Аққайың ауданы Трудовое ауылындағы үйлердің бірінде пештің жанында тұрған баллоннан газ шығып, соның салдарынан үйдің қабырғалары мен төбе жабындары тұтанды.

Көліктер де тілсіз жау құрсауында қалуда. Өткен аптада 4 бірдей көлік отқа оранды. Облыс орталығында “Mercedes Benz” және “Audi-100” көліктерінің қозғалтқыш бөліктері күйсе, “Lada” көлігі түгелімен жанып кеткен. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында “Wolkswagen Golf-3” көлігінің ішкі бөліктері зақымданған. Орын алған өрт оқиғаларының негізгі себептері көліктердегі техникалық ақаулар мен қозғалтқыш сымдарының қысқа тұйықталуы болып отыр.

Биылғы жылдың басынан бері өңірімізде 94 өрт оқиғасы орын алып, одан келген шығын мөлшері 6 миллионнан астам теңгені құрады. Өрттің салдарынан 8 адам көз жұмды. Жапа шеккен жерлестеріміздің жіберген қателіктерін қайталамас үшін өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне үлкен көңіл бөлген жөн. Үй ішінде мас күйде темекі тарту, пешті қатты қыздыру, толық сөніп бітпеген көмір мен күлді ағаштан жасалған құрылыстардың маңына төгу, қолдан жасалған электр жылытқыш құралдарын пайдалану аса қауіпті. Сондай-ақ балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға, оларды үйге тастап кетуге болмайды. Аталған шараларды қалтқысыз орындау өміріңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp