«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛКЕН ІСКЕ ҮН ҚОСАЙЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын арнады. Кемел келешекке бастайтын құнды құжат әрбір қазақстандық үшін мәнді және маңызды. “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асырудың бағыт-бағдары көрсетілген Жолдауды тыңдай отыра, жарқын болашаққа деген сеніміміз нығая түсті.

Нүризат ИТЕМІРҚЫЗЫ,

“Алтын алқа” иегері.

Нұрсұлтан Назарбаев әрбір қазақстандықтың өмірін жақсарту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Биылғы Жолдауды тыңдай отыра осыған тағы да бір көзіміз жетті. Жолдауда барлық сала толықтай қамтылып, әрбір бағыт бойынша айқын мақсаттар қойылған. Ендігі кезекте азаматтар бір адамдай бірігіп, абыроймен еңбек етсе, жүктелген міндеттер жүзеге асады. Елбасы ұсынған жаңа бастамалардың барлығы жарқын болашаққа бастайтын баспалдақ іспеттес. Оларды рет-ретімен бағындырсақ, дамыған отыз елдің қатарына кіреміз. Біздің көздеген басты мақсатымыз да осы.

Биылғы Жолдау жағымды жаңалықтарға толы болды. 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы артады. Мұндай оңтайлы өзгеріс оқушылардың сабақтарын жақсы оқуына өз септігін тигізеді. Себебі, бүгінгі оқушы ертеңгі студент емес пе? Бәріміз де бала оқытып отырған ата-анамыз. Аманшылық болса, мектепте немере, шөберелеріміз де оқиды. Олардың болашағын бүгін ойлап отырған Елбасының сындарлы саясатына дән ризамыз. Алдағы уақытта денсаулық, білім беру, әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы біршама артады. Бұл жайында да Жолдаудан естіп, оқып, қуанып қалдық. Себебі, басты байлығымыз денсаулық емес пе?!

Жолдауда басқа салалармен қатар, осы салаға да тиісті мән берілген. Онда алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеу жайында да айтылған. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу әрбір азамат үшін қажет. Егер саламатты өмір салтын ұстансақ, деніміз сау, өміріміз ұзақ болады.

Зейнет жасындағы адамдарға да мемлекет тарапынан қолдау, қамқорлық көрсетіліп келеді. Жаңа жылдан бастап зейнетақы тоғыз пайызға жоғарылады. Бұл да айтып өтетін маңызды жайт.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызды да Елбасы назардан тыс қалдырған емес. Олар үшін мемлекет тарапынан тиісті жағдай жасалуда. 2015 жылдан бастап мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемі 25 пайызға арттырылатын болды. Осындай жағымды жаңалықпен қатар, Елбасы барлық кәсіпкерлерге ондай адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтып өтті. Мұндай қадам мүмкіндігі шектеулі жандарға сенім берумен қатар, олардың шамалары келгенше қоғамдық жұмысқа араласып, еңбек етуіне септігін тигізеді.

Жолдауда елімізді одан әрі дамытып, биік белестерге жетелейтін ірі жобалар көрсетілген. Олардың барлығы елімізді мәңгілік етуді көздейді. Олай болса бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа бастау болған Жолдауды бәріміз қолдап, үлкен іске үн қосуымыз керек. Бұл – біздің азаматтық парызымыз.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp