«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТЫРАУҒА ЖҰМЫС САПАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Президенті Атырау облысына жұмыс сапарымен барды.

Онда Елбасы Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды және облыс жұртшылығы өкілдерімен кездесті.

Мемлекет басшысы мектептің оқу бөлмелерін аралап, онда білім алып жүрген оқушылармен әңгімелесті.

Өңір жұртшылығы өкілдерімен болған кездесу барысында Қазақстан Президенті бұл республикадағы Зияткерлік мектептер жүйесіндегі он бесінші мектеп екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы бүгінгі күнге дейін осы мектептерді жалпы еліміз бойынша мыңнан астам оқушы тамамдағанын, бұл Назарбаев Университетіне түскендердің жалпы санының 25 пайызы екенін айтты.

Елбасымен кездесуде ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ж.Беркалиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі А.Думлер, жазушы Р.Отарбаев және басқа да жұртшылық өкілдері сөз сөйледі. Олар ауыл шаруашылығын өркендетуге, елдегі бірлік пен тыныштықты сақтауға, мәдениетті дамытуға бағытталған қызметі үшін Мемлекет басшысына ризашылықтарын жеткізді.

Өз сөзінде Р.Отарбаев “Мәдени мұра” бағдарламасының қабылдануы, “Бабалар сөзі” жобасының жүзеге асырылуы Президенттің көреген саясатының жемісі екендігіне тоқталды. Ол сондай-ақ Елбасының “Мәңгілік Ел” идеясын, әсіресе, “Қазақ елі” деген ел атауы туралы сөзін көпшілік ықыласпен қабылдағанын айтты.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев республиканың ресми атауына қатысты ойын білдірді.

– Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты “стан” деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, шетелдіктер халқының саны небәрі екі миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, бірақ оның атауында “стан” жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе “Қазақ елі” деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салған жөн, – деді Президент.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы еліміз бірлік пен толеранттылықты сақтай отырып, барлық мақсаттарға жететінін атап айтты.

Елбасы Атырау мұнай өңдеу зауытында болды және облыс кәсіпкерлерімен кездесті.

Akorda.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp