«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҒЫМЫЗ – БІЛІМДІ ҰРПАҚТЫҢ ҚОЛЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ботагөз ӘЛИЕВА,

зейнеткер ұстаз.

Қырық жылға жуық ұстаздық еттім, қазіргі кезде зейнеткер болсам да, мұғалімдердің кешегі кеңес өкіметі кезіндегі жағдайынан да, бүгінгі жағдайынан да хабарым бар. Сол себептен де Елбасының ғылым мен білімге қатысты айтқан сөздері жаныма жақын. Оқушыларға жан-жақты сапалы білім, саналы тәрбие беретін ұстаздардың еңбегінің қаншалықты екенін Елбасының биылғы Жолдауда оларға ерекше назар аударғанынан байқауға болады. Бұл Президенттің ұстаздар қауымына білдірген ерекше сенімі екені сөзсіз. Осы орайда, алдағы уақытта білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын 29 пайызға дейін арттыру туралы айтылғаны барша ұстаздар қауымын қуантып тастады. Бұған қоса 2050 жылға дейін елімізде білім берудің барлық буындарын жақсарту бойынша елеулі жұмыс атқарылмақ.

Елбасы Жолдауында жастар саясаты мәселесі мен олардың озық білім алуын қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалған жоқ. Жоғары үлгерімі бар студенттерді қолдап, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25 пайызға арттыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Ұстаз үшін шәкірттерінің білім әлемінде құлашын кеңге жайып, сапалы білім мен тағылымды тәрбиені ұштастырып, егемен еліміздің абыройлы азаматы болғанынан артық бақыт жоқ. Ал өсіп келе жатқан жастарымыз өте дарынды, білімді және көздері ашық. Сондай жалынды жастарымыз тұрғанда еліміздің жаңа белеске көтерілеріне кәміл сенеміз.  

Жолдауда Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел Ұлттық Идеясын көтерді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі мақсатымыз Мәңгілік Ел құру болатын, бұл Жолдауда сол мақсатқа жетудің жолдары мен тетіктері көрсетіліп, кезеңдері белгіленген. Мен өз басым Мемлекет басшысының биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауын байыпты бағдар, өміршең құжат деп санаймын.

Шал ақын ауданы,

Сергеевка қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp