Бұрнағы күні облыстық Білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов, қалалық және аудандық Білім бөлімдерінің басшылары, мектептер, колледждер, интернат мекемелерінің директорлары қатысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Елбасының биылғы Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі білім мен ғылымды дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын ұсынып отыр. Білім саласының бұдан былайғы жұмысы осы құжат негізінде іске асатын болады. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру сапасын жақсарту үшін оның мазмұны өзгертілмек. Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес негізгі бағдарламалар: “Алғашқы қадам”, “Біз мектепке барамыз”, “Тәй-тәй, балапан”, “Дана бала” сияқты басқа да баламалы бағдарламаларды жаңалау қажет. Осыған байланысты әр ауданда, Петропавл қаласында әдістемелік топтар құрып, олар осы бағдарламаларды, әдістемелік құралдарды әзірлеуге жұмылдырылуы тиіс. Облыста (Петропавл қаласындағы 2-3 орталықты қоспағанда) баланы ерте жастан дамытуға арналған орталықтар жоқ. Қазақ тілінде ондай мекемелер мүлде ашылмаған. Бұл жұмыс қатаң бақылауға алынатын болады, – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова өз баяндамасында.
Бүгінгі таңда 3-6 жас аралығындағы балалардың 89%-ы балабақшаларға орналастырылған. Алайда, облыс орталығында балабақшаға мұқтаж балғындар саны – 10 мыңға жуық. Шал ақын, Есіл, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда да балабақшалар тапшылығы сезілуде.
– Облыс әкімі Самат Ескендіров 2014 жылы ауылдық жерлерде балаларды мектепке дейінгі мекемелермен 100% қамтуды міндеттеген болатын. Сондықтан Білім бөлімдері осы тапсырманы жүзеге асыру бойынша жұмысты жандандырулары қажет. Биылғы жылы Шал ақын ауданына мектепке дейінгі мекеме ашуға қаражат бөлінді. Білім беру мекемелеріндегі кадр мәселесі өзекті қалпында қалып отыр. Облыста еңбек ететін 17300-ден астам педагогтің 15%-ы ғана – жоғары, 32%-ы – бірінші санаттылар. 2014 жылы 616 педагогтің біліктілігін арттыру көзделген. Деңгейлік курстарға шығармашылықпен жұмыс істейтін, оқушылары олимпиадаларда жүлделі орындар алған ұстаздарды жіберу қажет. Осыған дейін дайындықтан өткен педагогтердің басым бөлігі – бастауыш сынып мұғалімдері. Бұл дұрыс, өйткені, 2015 жылдан бастап жаңа білім беру жүйесі, ең алдымен, бастауыш буында енгізіледі. 2016 жылға дейін облыс педагогтері жаңа мазмұндағы білім беруді енгізуге дайын болуға тиіс. Білім мекемелерінің басшылары да деңгейлік дайындықтан өтулері керек, – деді Шолпан Каринова.
Елбасы айтқандай, Қазақстанды кедергісіз аймаққа айналдыру үшін инклюзивтік білім беруге баса назар аударған жөн. Білім бөлімдері аудандардағы мектептерде мүмкіндігі шектелген балаларға арналған сыныптар ашуды қарастырулары қажет. Сонымен қатар, психолог-педагогикалық коррекция кабинеттері жоқ Тайынша, Тимирязев аудандары және логопедтік пункттерін ашпай отырған Тимирязев, Ақжар, Уәлиханов аудандары сынға алынды.
Облыстағы қосымша білім беру жүйелерінде оқушылардың 45,5%-ы қамтылған. Бұл оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Алайда, бүгінгі таңда облыста “Жас техниктер” стансасы жоқ. 2014-2015 жылдары қосымша білім беру жүйесін ұлғайтуға баса назар аударылады. Бұл жасөспірімдердің қылмысқа, өз-өзіне қол жұмсауға баруына тосқауыл болады.
Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу шаралары бәсең жүргізілуде. 2013 жылдың екінші жартыжылдығында ғана қамқоршылыққа алынғандардың 5-нің Балалар үйлеріне қайтарылуы – тәрбиеленушілерді қамқоршылыққа алатын отбасылармен жүйелі түрде түсінік жұмыстары жүргізілмегендігінің салдары. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың баспана мәселелері біршама жақсарды. 2006 жылы – 3, 2011 жылы – 10, 2013 жылы 29 бала пәтер алуы осының дәлелі.
– Дуальдік оқыту элементтері өткен жылы 6 колледжге енгізілді. 2014-2015 оқу жылында осы тәжірибе 10 колледжде жүзеге асырылмақ. Колледж басшылары түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша осы бастан әлеуметтік серіктестермен келісім жасаулары тиіс, – деді баяндамашы.
Алқа отырысында сөз алған Петропавлдағы №16 орталау мектептің директоры Данияр Уәлиев робот техникасын құрастыру оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырып, техникалық ойын дамытуға ықпал ететінін айта келіп, облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында робот техникасы сыныбын ашуға ұсыныс жасады.
СҚО Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Серік Едіресов облыс аумағында орын алған жасөспірімдер қылмысы және оның алдын алу шаралары бойынша жатақханаларда колледж оқытушылары кезекшілік ету керек деген пікірін білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов әр лауазымды тұлға өзінің міндетіне жауапкершілікпен қарап, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектордың жұмысын үйлестіріп отыруы керектігін қадап айтты. Білім мекемелері басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтер, әлеуметтік педагогтер кәмелетке толмағандармен жұмысты өз деңгейінде әрі жүйелі жүргізулері тиіс. Әсіресе, қиын балалармен және олардың ата-аналарымен жұмысты жандандыру қажет. Білім беру ұйымдарында ұрлыққа жол бермеу үшін бейнекамералар қойған тиімді. Дуальдік білім беруді одан әрі жалғастырып, кәсіби мамандар санын арттыру қажет. Бұл бойынша рейтинг жүргізу арқылы бәсекелестікті дамытқан жөн. Электрондық оқыту бойынша Білім басқармасы мен Білім бөлімдері жиі семинарлар өткізіп, оқыту сапасын арттырулары қажет. Сол сияқты кадр мәселесін шешу үшін “Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы” АҚ-ның СҚО ПҚБАИ-мен бірлесіп жоспар құрған жөн, деді Фархад Қуанғанов.