Облыс полицейлері балалардың жолдарда жарақаттануының алдын алу жөніндегі жұмысты күшейтті. Тәртіп сақшылары тұрақты түрде мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осы жолы жол қозғалысы ережелері облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттың 4-9-сынып оқушыларына түсіндірілді. Полицейлер интерактивті тақта мен көрнекі материалдарды пайдаланып, балаларға “Жолдос көмек беруге асығады” атты ұлттық анимациялық мультфильмді ұсынды.
СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы Әбілсейіт Жолаушин балаларға жолды дұрыс кесіп өту тәртібін түсіндірді. Жасыл түсті күту қажет екенін, бағдаршам болмаған жағдайда тек жаяу жүргіншілер жолымен көшені кесіп өту керектігі айтылды. Инспектор жол полицейлерінің жұмысын көрсете отыра, жол қозғалысын реттеушінің қимылын түсіндірді. Кейін мектеп оқушыларына түрлі кітапшалар таратылды.
Балалар ҚР ІІМ Әкімшілік полициясының комитеті әзірлеген қаһарман Жолдос туралы мультфильмге риза болды. Олар түрлі оқиғаға тап болған жаяу жүргіншілерге көмекке келетін Жолдостың батырлығына, шапшаңдығына тамсанды. Сондай-ақ инспекторға жол қозғалысына қатысты түрлі сұрақтар қойып, жол полициясы жұмысына зор ықылас танытты. Осындай қызықты лекциялар оқу жылы бойы өткізілетін болады.
Былтыр облыс аумағында балалардың қатысуымен 56 жол-көлік апаты орын алған.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.