«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАПХАНАШЫЛАРДЫҢ КЕЛЕЛІ ІСТЕРІ ортақ міндеттерді ойдағыдай орындауға арналады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бейбітгүл ӘБІЛМӘЖІНОВА,

С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры.

Біздің кітапхананың ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын зейін қоя оқып, үлкен ықыласпен танысып алды. Жолдаудың біздің қызметімізге тікелей қатысы бар. Жолдау жарияланғаннан кейін кітапханаға келетін қалың оқырмандарға оны түсіндіруіміз керек. Сондықтан біз жылдың басты құжатын өзіміз мұқият білуге тиіспіз.

Жолдау “Қазақстан – 2050” Стратегиясының заңды жалғасы екенін пайымдадық. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!” – деп бағалады мемлекетімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосудың осынау ұзақмерзімді бағдарламасын түсіндірген Президентіміз.

Саналы азаматқа Елбасымыздың болашағымызда қандай жолмен жүруімізді нұсқауы, ол үшін нендей істерді тындыруымыз керектігі осы Жолдауда айқын, тайға таңба басқандай баяндалғаны түсінікті болуы керек. Елбасымыз алдағы басты мақсатымызды көз жазбайтын айқын шамшыраққа балай келіп, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігіндегі шешілуге тиісті мәселелерді нұсқап берді. “Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің кітапханамызда Президент Жолдауында алға қойылған міндеттердің жүзеге асырылуына барлық жағдай жасалған.

Егемендіктің алғашқы жылдары белгілі бір қиындық болғанын жасырмаймыз. Алайда, өткен 22 жылдың ішінде экономикамыздың өрлеуінің арқасында еліміз биіктерге көтерілді. Еңсеміз өсті. Соған орай мәдениет мекемелерінің де іргетасы нығайды. Соның ішінде кітапханамыздың қоры молайды, жаңа әдебиеттермен толықты. Мерзімді баспасөз, басқа да бұқаралық ақпарат көздері тұрғындарға қолжетімді болды. Соның арқасында кітапханамыз ғылыми орталық ретіндегі қызметін заман талабына сай атқаруға қол жеткізді.

Жолдаудан пайымдағаным – ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін Мәңгілік Ел идеясының Президентті көптен толғандырып келгені. “Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – “Қазақстан – 2050” Стратегиясының түп қазығы етіп алдым”, – деді ол осы Жолдауды түйіндей келіп.

Жалпыұлттық құндылықтарымыздың ішінде жаңа қазақстандық патриотизмге айрықша орын берілген. Біз өзіміздің жұмысымызға осы идеяны арқау етуіміз керек. Біз осы бағыттағы жұмыстарды атқарып та жүрміз. Ол үшін біздің кітапханада он төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан “Өлкетанушы” клубын мысалға алуға болады.

Клубта әуелі туған өңірді тану, содан соң Отанды сүю, осында тұрып жатқан ұлттардың тарихын, салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен өнерін құрметтеу сезімін қалыптастырады.

Шағын және орта бизнесті дамыту үстіміздегі ғасырда еліміздің индустриялық және әлеуметтік жаңғыруының негізін қалайтынын Елбасымыз бұрын да айтқан, соған қоса осы Жолдауда тағы да тиянақтай түсті. Біздің кітапхана бизнестің осы түрлерімен айналысатын кәсіпкерлерге ақпараттық көмек беру мақсатында Құқықтық ақпарат орталығын ұйымдастырды.

Президентіміз медицинаның дамуын жетілдіру арқылы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыру керектігін айтты. Бұл саламатты өмір салтын орнықтыруға байланысты. Кітапханада жұмыс істейтін “Сымбат” клубы осы талаптарды жүзеге асыруға бағыт ұстап келеді.

Жолдауда мүгедектерге үлкен көңіл бөлінгені құптарлық. Бұл оларды қоғамнан шет қалдырмай, өмірлік белсенділігін арттырады. Бұл орайда біздің ұжым да мақтана алады. Мүгедек балалардың ақпарат алуын және білім игеру мұқтаждықтарын қамтамасыз еткеніміз үшін Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің грантын иелендік. Бұл бағыттағы жұмысымыз одан әрі де жалғастырыла береді.

2015 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделі бюджет саласының қызметкерлерін қуантып отыр.

Біз, мәдениет саласының қызметкерлері, Жолдауда осы ретте өзіміздің алдымызға қойылған міндеттерді айқын пайымдаймыз және оларды ойдағыдай жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жұмсаймыз. Оған жағдайымыз мүмкіндік береді. Осы саладағы өзге ұйымдар сияқты, біздің де материалдық-техникалық күш-қуатымыз нығыз.

Жалпы алғанда, биылғы Жолдау ел тұрғындарының бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында жұдырықтай жұмылып ұйымдасуын талап етеді. Ұйымшылдық – істің негізі, берік іргетасы.

Біздің ұжым Елбасы Жолдауын жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында өңіріміздегі кітапханалар жүйесінің барлық буындарында “дөңгелек үстелдерді”, ақпарат сағаттарын, лекцияларды, бұқаралық жұмыстарды өткізуді жоспарлады. Осы орайда “Жаңа Жолдау – жаңа басымдықтар” деген тақырыпта көрме ұйымдастырамыз.

Оқырмандар шаңырағы өзінің бүкіл жұмыс арқауын жас ұрпаққа арнауға тиіс. Қоғамымыздың ертеңгі жас азаматтары жан-жақты білімді игеріп, оны елдің игілігіне асыруға қабілетті болып, Отанды сүюге лайық шыңдалуы керек. Бұл – жастарға абырой және олардың азаматтық парызы.

Бұған біз де өз үлесімізді қосамыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp