Әдия АХМЕТОВА,
облыстық ардагерлер
кеңесі төрағасының
орынбасары.
Біз кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісін құрметті міндетіміз деп түсінеміз. Қоғам тұрмысының қай саласында да ардагерлер бұл жұмыстардан бас тартпайды, қайта күш-қуаты барында оны Отан игілігіне жұмсағылары келеді. Олар еліміздің гүлдене түсуіне, бейбітшілік пен рухани келісімнің орныға беруіне үлестерін қосады.
Ардагерлер кеңесінің қызмет аясы ауқымды, өрісі кең. Біз жастарға өнеге көрсетіп, ақылшы болып қана отырамыз деу жөнсіз. Кеңес өзінің жұмысын ардагерлердің белсенділігін арттыруға, олардың бойындағы өмірлік тәжірибелерін қоғамға пайдалы істерге бағыттауға ұйытқы болуға тиіс.
Осыған орай тындырып отырған істерімізді алға тартқым келеді.
Бүгінде біздің қатарымыз сейіліп барады. Бұл – өмір заңдылығы. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған ардагерлерімізге мемлекет, қоғам тарапынан құрмет пен қамқорлық қашанда қажет. Олар бұл айтқандардан кенде емес. Біз ардагерлердің өмірінде кездесетін ауыртпалықтарды қайткен күнде де жеңілдетуге тырысамыз. Өңіріміздегі 13 аудандық кеңестің іс-қимылдары осы мақсаттарды көздейді.
Қазіргі күні облысымызда 93 мыңнан аса ардагер ғұмыр кешуде. Өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері жыл өткен сайын азаюда. Осындай бірде-бір майдангер қалмаған ауылдар, тіпті, аудандар бар.
Біздің кеңес 3 айда бір рет төралқа мәжілісін өткізіп тұрады. Оларда жылдық жоспарға сәйкес мәселелер жүйелі қаралып, шешімін табады. 22 қаңтар күні төралқа мәжілісі өтіп, онда өткен жылғы жұмысымызды қорытындыладық, үстіміздегі жылы атқарылуға тиісті іс-әрекеттерімізді пысықтадық.
Менің зейнет демалысына шыққанға дейінгі қызметім білім беру болғандықтан, бұл саладағы жақсы өзгерістерге зер салып отырамын. Осы орайда Елбасымыз “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Мен өскелең ұрпақтың озық білім алуы үшін көп күш жұмсадым: “Балапан” бағдарламасы жүзеге асып, Зияткерлік мектептер, Назарбаев Университеті, “Болашақ” бағдарламасы жұмыс істеп жатыр”, – деді.
Мен, әсіресе, қазақ мектебін басқарғандықтан, мемлекеттік тілдің өркендей беруіне жанашырмын. Туған тілді өркендету мәселесіне биылғы Жолдауда да айтарлықтай назар аударылған. Онда қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл сайын артып отырғаны айтылды. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда қазақ тілін үйренуге ықыласты өзге ұлттардың өкілдері де көбейе түскені белгілі. Мұндай азаматтардың саны былтырғыға қарағанда 10 пайызға өсті. Президентіміз биылғы Жолдауында соңғы 3 жылдың ішінде мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге қаржы бөлінгенін жеткізді.
Бір қуанатыным – 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделі бойынша білім беру қызметкерлерінің еңбекақысы 29 пайызға дейін арттырылатыны. Бұл Мәңгілік Ел идеясын еліміздің болашағының шамшырағына балап отырған Президентіміздің осы саланың қызметкерлеріне жасаған зор қамқорлығы деп баға беру керек. Алайда, ұстаздар қауымы мұны өздеріне көрсетілген игілік деп қана қабылдамай, оларға Елбасы тарапынан жүктеліп отырған жауапкершілігі зор міндет ретінде пайымдауға тиіс. Өйткені, мемлекетіміздің алға қарыштап басуы елімізде қаншалықты деңгейде заманауи талаптарға сай білімді азаматтардың шыңдалуына тікелей байланысты. Осы жерде мен жас, ізімді басып жүрген әріптестеріме қазақтың “Қызмет қыл да, міндет қыл!” деген нақылын ескерткім келеді. Осындай білімді азаматтардың арқасында Қазақстан “Мәңгілік Ел” мәртебесін иеленеді, Елбасы көксеген әлемдегі қуатты 30 елдің қатарына енеді.
Бұл Ұлттық Идеяның жүзеге асырылуына барынша үлесімізді қосу – парызымыз.