Жапар ТӨЛЕГЕНОВ.
Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылының Ғабдол-Бәри мешітінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күніне арналған Мәуліт мерекесі болып өтті. Оған ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы, “Қызылжар” мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай мен осы мешіт қызметкері Азамат Сәрсенов арнайы келді. Аудандық мешіттің бас имамы Ғабит Блисов намазхандарды бастап барды.
Мерекеге келушілер көп болғандықтан, оған арналған іс-шараға ауылдық Мәдениет үйі таңдап алынды. Салтанатты А. Сәрсенов пен Ғ. Блисов Мәуліт салауатын оқумен ашты.
Облыстың өкіл имамы Мәуліт мерекесі туралы жұртшылықты ұйыта отырып, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмірі мен Ислам дінін ұлықтаудағы атқарған істерін тартымды әңгімеге арқау етті. Оның жан баураған уағызынан көпшілік мол мағлұмат алды.
Ауданның Мәдениет бөлімі өз тарапынан мерекеге жақсы да жан-жақты даярланғанына риза болдық. Бөлім басшысы Балтабай Рамазанов салтанатты ойдағыдай жүргізе білді.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Зейнолла Мәкенов, Благовешенка ауылдық округінің әкімі Тұрмыс Иманжанов мешіт ашылған күннен бастап оның көптеген имандылық іс-терге ұйытқы болғанын жеткізді.
Концерттік бағдарлама жан-жақтылығымен есте қалды. Әсіресе, аудан орталығы – Пресновка ауылынан келген намазхан Рүстем Әубәкіров баулыған оқушы қыз балалардың “Кәусар” атты тобының мүшелері орындаған діни өлеңдер бойымызды баурады. Шағын ғана Амангелді ауылынан Мәулітке келген мектеп оқушылары Самрат Құскен мен Барысбек Бексұлтановтың арнау өлеңдері де көпшіліктің көңілінен шықты. Қаладағы Өнер колледжінің түлегі Дина Асанбаева көрсеткен сахналық қойылым өте әсерлі болып, жұртшылықтың көзіне жас үйіртті.
Мәуліт мерекесін Ғабдол-Бәри мешітінің бас имамы Тұрғали Байзақов қорытындылап, имандылыққа ұйыған жамағатқа ризашылығын білдірді. Ол осы мешіттің мұқтажына демеушілік жасап жүрген бірқатар ел азаматтарына Алғыс хат және діни кітап тарту етті.
Көпшілікке мешіт асханасында дәм беріліп, Мұхаммед ( с.ғ.с.) пайғамбардың құрметіне дұға бағышталды.
Біз, Ғабдол-Бәри молданың ұрпақтары, осы шараны ойдағыдай ұйымдастырып, өткізген азаматтардың бәріне шынайы алғысымызды арнаймыз.
Жамбыл ауданы.