Елбасы Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихат тобындағы ҚР Парламенті қос палатасының депутаттары Абай Тасболатов, Бірғаным Әйтімова, Анатолий Башмаков, Ромин Мәдинов М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кездесуді ашқан СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімов Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ғылым мен білімді дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берілгенін тілге тиек етті. Ал депутаттар Жолдауды жан-жақты талдап, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Мәселен, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков аталмыш маңызды құжатта қай салаға басымдық берілгенін, олардың сапалы жүзеге асырылуын қадағалауға және экономикалық мүмкіндікке зор көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. Бірғаным Әйтімова өз сөзін “Қазақстан – 2050” Стратегиясының логотипі нені білдіреді деген сауалмен бастап, еліміздің Жолдауды жүзеге асыру арқылы қандай белестерге жететіндігін баяндады. Әсіресе, “жасыл” экономикаға көшудің маңыздылығына тоқталған ол Солтүстік Қазақстан облысы экологиялық жағынан ең таза өңір екенін атап өтті. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов отансүйгіштік пен қауіпсіздік жайында өз ойын білдірді.
Осы күні Парламент Мәжілісінің депутаты Ромин Мәдинов “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Өтініштерін айта келген қос азаматты да толғандырған мәселе – мүгедектер жайы. Облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жөніндегі кеңесшісі Владислав Демьянов мүгедектерді жұмыспен қамтуға қатысты салалық бағдарламаның қажет екендігін айтып, соның негізінде жұмыс берушілерге салық төлеуде жеңілдіктер қарастыру керек деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ жұмыс берушілер мүгедектердің сапалы жұмыс істеуі үшін оларды арнайы құрылғылармен қамтамасыз етулері қажет екендігін де атап өтті. Ал Ержан Омаров Үкімет деңгейінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға төленетін зейнетақы мен жәрдемақының көлемін көбейту мәселесін шешуді өтінді. Сондай-ақ өз жағдайына тоқталып, баспанасыз жүргендігін айтты.
Осы орайда Ромин Ризаұлы бұл мәселелердің шешімін әріптестерімен ақылдасып, қарастыратындығын жеткізді. Қоғамдық қабылдау барысында Ресейге баратын қазақстандық автокөлік иелері “темір тұлпарларын” сақтандыру үшін қыруар қаржыға шығынданатындығы айтылды. Мәселен, еліміздегі сақтандыру компаниялары Ресей шекарасынан өтетін қазақстандық автокөліктерді сақтандыру құнын 6 мың теңгеден бастаса, ресейліктер бұл жағдайда 600 теңгеге ғана шығынданады екен. Ромин Мәдинов бұл мәселе көтеріліп, қарастырылып жатқандығын айтты.