«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАТ ҮНЕМДЕУ БІЗДІҢ ӘРҚАЙСЫМЫЗДАН БАСТАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Онда Елбасы қуат үнемдеу мәселелеріне көңіл аударып, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге шақырды.

Еділ КӨПЕНОВ,

“СевКазЭнерго” АҚ-ның

басқарма төрағасы.

“СевКазЭнерго” АҚ-ы бірнеше жылдан бері мемлекеттік қуат үнемдеу бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. “СевКазЭнерго” тобының энергетикалық кәсіпорындары өздерінің өндірістік көрсеткіштерін көтере отырып, сонымен бірге алынған қуатты тиімді және ұқыпты пайдалану қажеттігін де ұмытпайды.

Қазіргі уақытта тұтынатын қуат көлемін үнемдеу мәселесі өте өзекті, қуат ресурстарының шектеу қойылмайтын және арзан уақыты аяқталып келеді. Орны толмайтын қуат көздерінің біртіндеп “жасыл” технологияларға орын беріп жатқанына Еуропаның дамыған елдерінің тәжірибесінен көз жеткізу жеткілікті. Сондықтан біз бүгінде өндірістік көрсеткіштермен бірге экологиялық көрсеткіштерді де көтеруге мүмкіндік беретін озық, қуат тиімділігі жоғары технологияларға бағдар ұстанып отырмыз, ал ең бастысы – ескірген құрал-жабдықтардың тозуын төмендету есебінен техникалық шығындарды айтарлықтай қысқартқымыз келеді.

Жыл сайын №2 ЖЭО-да қуат үнемдеу бағдарламасы жасалады және жүзеге асырылады. 2013 жылы “Қуат үнемдеу және қуат тиімділігін арттыру туралы” Заңның 10-бабына сәйкес кәсіпорында ISO 50001:2011 қуат менеджменті енгізілді. Биылғы жылы “СевКазЭнерго” АҚ-да қуат менеджменті жүйесінің талаптарына сәйкестік сертификациялық аудиті табысты өтті, соның нәтижесінде 2014 жылғы ақпанда сәйкестік сертификатын алу жоспарланып отыр.

Компаниямыздың 2009-2015 жылдарға арналған ұзақ-мерзімдік қуат кешенін жаңғырту бағдарламасын жасағанын атап өткен жөн. Оны жасаған кезде кәсіпорын бірінші кезекте ресурс және қуат үнемдеу талаптарын басшылыққа алды. Сөйтіп, 2012 жылы №6 және №7 жылу қазандықтары агрегаттарын қайта құру жөнінде жұмыс жүргізілді. Сол сияқты 2013 жылы станцияда №4 турбоагрегаты іске қосылды. Жаңа турбинаны монтаждау кәсіпорында 2015 жылға дейін есептелінген қайта жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру инвестициялық бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болды. Жаңа қондырғыны орнату станцияның электр қуатын босатуын 63 МВт-ға, жылу қуатын – 96 Гкал-ға жеткізді. Енді жыл ішінде қосымша электр қуатын өндіру 388,8 миллион кВт/сағатқа жетеді, отын үнемдеу жылына 63,7 мың тонна көмірді құрайды, белгіленген электр қуатын пайдалану коэффициенті 81,45 пайызға дейін көтеріледі. Жобаның құны 6,1 миллиард теңгені құрады.

Сонымен бірге, қазір №8 жылу қазандығы агрегатын монтаждау жүріп жатыр, ол 2014 жылғы маусымда аяқталады деп жоспарлануда. Монтаждау жұмыстарының сомасы – 4,6 миллиард теңге. 2014 жылы станцияда №12 жылу қазандығы агрегатын қайта жаңарту, сол сияқты №1 турбоагрегатын ауыстыру жоспарлануда, №5 турбоагрегатты ауыстыру жұмыстары басталады. Станция өткен жылы 58,5 мың тонна көмір үнемдесе, биыл 69,8 мың тонна көмір үнемдеуді жоспарлауда. Салыстырмалы кезеңде 3,3 пайызға электр қуаты көп өндірілді.

Сол сияқты “Петропавл жылу желілері” ЖШС-і кәсіпорнында да қуат үнемдеу шараларын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Техникалық жарақтандыру аясында 2013 жылы инвестициялық бағдарлама қаржысына №5 жылу магистралінің 0,38 шақырым учаскесін қайта жаңарту аяқталды. Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қарыз қаржысына 2013 жылы №2 жылу магистралінің Абай көшесіндегі сорғы станциясынан басталған учаскесінде 1,8 шақырым пенополиуретан құбырлары қолданылған қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді және ол биыл жалғасатын болады. Тиімділігі шамамен жылына 10444 Гкал құрайтын одан басқа да атқарылған қайта жаңарту жұмыстары көп.

Кәсіпорынның қуат үнемдеу бағдарламасына құбырлардың тозған және ішінара бұзылған жылу орағыштарын ауыстыру жөніндегі жұмыс та жатады. 2013 жылы жылу желілерінде 1,3 шақырым құбыр пенополиуретан жылу орағыштарымен оралды. Оның жылу сақтағыштығы жоғары және 30 жылға дейін қызмет етеді. Ондағы жылу қуаты шығынының қосынды үнемі 4000 Гкал құрайды. Биыл осындай 1,5 шақырым құбыр орамаларын қалпына келтіру жоспарлануда.

Қызмет мерзімі аяқталған жылу қуаты жабдықтары жаңаларына, неғұрлым сенімді, пайдаланылуы қарапайым және қуат тиімділігі жоғары құралдарға ауыстырылуда. Жылу қосындары мен сорғы станцияларын жаңғырту жобасының аясында осызаманғы құрал-жабдықтар алынуда. 2008-2013 жылдар кезеңінде 29 сорғы станциясы мен жылу қосындарына жаңғырту жүргізіліп, осызаманғы қондырғылар қойылды, оларды пайдалану тиімділігі жылу шығындарының азаюынан ғана емес, жылыту желісіне қажетті электр қуатының үнемделуінен де байқалады.

Кәсіпорында жылу қуатының коммерциялық шығынын азайту жөніндегі жұмысқа ерекше көңіл аударылады. Тиісті есептің жоқтығы мен жылу қуатын ұрлау проблемасы тұтынушыларға жыл сайынғы есептегіш құралдарын және жылу қуаты коммерциялық есебінің автоматтандырылған жүйесі (АСКУЭ) деректерін беру тораптарын орнату көмегімен шешіледі. Мысалы, 2013 жылдың қорытындысы бойынша 67 жаңа есептегіш құралы және 260 АСКУЭ деректерін беру тораптары іске қосылды. Сонымен бірге 2011 жылы кәсіпорында ең жоғары технологиялық жоба – “Автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесі” (АДБЖ) жүзеге асырыла бастады. 2013 жылы 15 нысанда АДБЖ қондырғылары қойылды, оның ішінде кәсіпорын аумағындағы диспетчерлік қосын де бар. Сөйтіп, инвестициялық бағдарламаның және ЕҚДБ қарызы аясында жоспарланған шаралардың орындалуы қаладағы жылу желілеріне жаңғырту жүргізуге мүмкіндік береді, онсыз қуат тиімділігі технологияларын енгізу мүмкін емес.

Дәл осындай жаңғырту жұмыстары “Солтүстік Қазақстан Таратушы электр желілері компаниясы” АҚ-ға да тән. Кәсіпорында қуат үнемдеу бағдарламасы аясында 0,4 кВ әуе желісінде жалаңаш сымды СИП маркалы сымға ауыстыру жүргізілуде, АСКУЭ тораптарының автоматтандырылған және электр қуатының бөлшек сауда нарығының жүйелері, сол сияқты СТ РК ИСО 50001 талаптарына сәйкес қуат менеджменті жүйелері енгізілді.

2013 жылы 0,4 кВ әуе желісінің 32,04 шақырымы қайта жаңартылды. Оған қолданылатын СИП жүйесі неғұрлым прогрессивті желі болып табылады, ол қызмет сапасын жақсартуға және өндірістік шығындарды азайтуға бағытталған.

Мемлекеттік қуат үнемдеу бағдарламасын тұрмысқа енгізу мен жүзеге асыруды “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-і белсенді қолдайды. Қуатпен жабдықтаушы ұйым электр қуатын тиімді пайдаланудың пайдасы және тұрмыста қуат үнемдеу қажеттігі туралы үнемі ақпараттық науқан жүргізеді. Атап айтқанда, тұтынушылар арасындағы жалпыүйлік жылу қуатын есептегіш құралдарын орнату, сол сияқты электр қуатына жіктелген тарифтер қолдану жөніндегі түсінік беру жұмыстары.

2009-2013 жылдар кезеңінде Петропавл қаласында көпқабатты тұрғын үйлерге 71 жалпыүйлік жылу қуатын есептегіш құралы қойылды. Оның экономикалық ынталандыру тетігі – 2012 жылдың 1 қазанынан енгізілген жылу қуатының есептегіш құралдарының бары-жоғына байланысты тұрғындардың топтары бойынша жіктелген жылу қуатымен жабдықтау жөніндегі тариф. Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы республика өңірлері ішінде алғашқылардың бірі болып электр қуатына тәулік бөліктері және жеке тұлғалар үшін тұтыну көлемдері бойынша жіктелген тарифтер қолданады. Тәулік бөліктері бойынша жіктелген тариф тұтынушыда электр қуатын көптарифті есептегіш құралы болған жағдайда қолданылады. Мұндай есептегіш құралдарын орнату электр қуатын түнгі уақытта пайдалануға ынталандырады және осы уақытта тұтынған электр қуатына жеңілдетілген тариф бойынша төлем жасауға мүмкіндік береді.

Қуат ресурстарын үнемдеу біздің әрқайсымыздан басталады, ол үшін күнделікті тұрмыста қарапайым қуат үнемдеу ережелерін сақтау жеткілікті. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp