Суық түсісімен, үсік шалғандар көптеп кездесе бастайды. Аязды, боранды күндері адамдар қауіпсіздік шараларына немқұрайды қарап, төтенше жағдайға тап болып жатады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үсік шалып, жарақаттанған адамдарға алғашқы медициналық көмек №3 қалалық ауруханада көрсетіледі. Облыс орталығында орналасқан бұл емдеу орталығына жай күндердің өзінде әртүрлі жарақаттармен 50-ден астам адам қаралса, қазіргідей ауа райы қолайсыз кездері бұл көрсеткіш екі есеге көбейеді екен. Аурухананың жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі Валерий Грибашовтың берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар айында ғана 28 адамды үсік шалып, сынықтың бірнеше түрімен 375 адам ауруханаға жеткізілген. Өткен жылғыға қарағанда биылғы көрсеткіш төмендеген. Мәселен, былтырғы жылдың қаңтарында үсік шалған науқастар қатары – 36, ал зақым алғандар саны 392-ге жеткен.
– Үсік шалу температураның төмендеуінен ғана болмайды, – дейді Валерий Петрович. – Кей кездері 5 градуста да үсік шалуы мүмкін. Мұндайда жел, ызғар, ауаның ылғалдылығы әсер етеді. Және әдетте жылы күндері адамдар жеңіл киініп, күтінбейді, – дейді ол.
Суыққа ұрынудың басқа да себептері бар. Ауруханаға үсікпен түскендердің 80 пайызы – ішімдікті асыра пайдаланған адамдар. Көбінесе адамдар қыс кезінде ауа райы туралы ақпаратқа құлақ аспайды. Далаға шыққан кезде көктайғақтан сақ болмайды. Жазатайым жағдайдың салдарынан аурухананың жарақат зардабын емдеу пунктіне 421 науқас қаралса, сіңірі созылған адам саны 215-ке жеткен.
– Кей адамдар суық күндері керісінше жылынамыз деп ішімдікті көп ішеді. Ал масайраған адам өзінің тоңғанын білмей де қалады. Сол себепті ауруханаға да уақытында қаралмайды. Үсік шалып, ауруы әбден асқынған кезде ғана келеді. Ондай кездері дәрігер науқастың үсік шалған аяқ-қолдарын кесуге мәжбүр болады, – дейді Валерий Грибашов.
Үсуге суық жел, ауаның ылғалдылығы, су болған әрі тар киім, аяқкиім, қолғап және ағзаның жалпы әлсіздігі әсер етеді. Көбінесе саусақ, башпай, мұрын, құлақ үсікке шалдығады. Алғашқы көмек көрсеткенде үсіген адамды бірден жылы жерге кіргізіп, ыстық шай не кофе беру керек. Жансызданған жерін жылы суға малып, денесі қызарып, жылынып, сырттан тиген қолды сезетін болғанша ақырын ысқылайды. Содан соң таңып тастайды. Үсік шалған жерді қармен ысқылауға және суық суға түсіруге болмайды. Ал ең дұрысы бірден дәрігерге қаралған дұрыс, дейді дәрігерлер. Және суық күндері адам өліміне жол бермеу үшін ауа райының өзгеруіне байланысты тұрғындарды қысқы жағдайда сақ болуға шақырады ақ халаттылар.