Ақмарал ЖАМИТОВА,
ҚР ІІМ Ішкі әскері Әскери институтының доценті.
Еліміз жыл сайын Президент Жолдауын асыға күтеді. Өйткені, Елбасымыз әрдайым жаңа идеялар ұсынып отырады. Жақсылықтың жаршысына айналған Стратегияны Нұрсұлтан Назарбаев “күннен-күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы”, “барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы”, “елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан” ретінде қарастырады. Жолдауда Елбасымыз “Қазақстандық жол тәжірибесі” деген ұғымды қазақтың киелі саны жеті бағытқа жіктеп, саралап берді. “Бірінші – Қазақстанның тәуелсіздігі мен Астанасы. Екінші – қоғамдағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшінші – зайырлы қоғам және мықты руханият. Төртінші – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономика. Бесінші – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншы – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетінші – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы”. Бұл бағыттар елімізді кемел келешекке жетеледі, қуатты елге айналдырып келеді, ел сенімін нығайтты, сонымен қатар, Мәңгілік Елге даңғыл жол ашты.
Қазақстан Республикасы ІІМ ІӘ Әскери институтында Мәңгілік Ел идеясын асқақтату мақсатында үнемі шаралар өткізіліп тұрады. Елбасымыз алдыңғы Жолдауында: “Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз Мәңгілік Ел боламыз” деген болатын. Ата-баба ерлігі мен бүгінгі заман тұлғаларының ерен еңбектерін танытатын тәрбиелік шаралармен қатар, ғылыми бағыт та мығым қолға алынған. Астанада әскери оқу орындарының курсанттары арасында ғылыми жобалар байқауы өткізілген болатын. Екінші курс курсанты Қашқынбай Дәрмен “Мәңгілік Ел болу жолындағы қазақ тарихының мән-маңызы” деген тақырыпта ғылыми жоба қорғап, жүлделі екінші орынға ие болды. “М.Жұмабаев және ұлттық рух” тақырыбында өткен ғылыми-танымдық конференцияның барысында Мәңгілік Ел идеясы Мағжан көзімен, жастардың көзқарасымен сараланды. Әскери институт бастығының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Марат Батыров: “Ұлттық идеяны түсіндіру мақсатында өтіп жатқан шаралардың берері мол. Бұл ғылым-білімді аянбай игеруге жетелейді” деген пікірде.
Мәңгілік Ел болу туралы түркілердің тасқа жазылған Орхон-Енисей жазуында кездесетіні белгілі. Бүгінгі таңда азаттықты аңсаған, тәуелсіздікті ту еткен бабалар арманы қазақ елінің де ұлттық идеясына айналып отырғаны заңды құбылыс деген ойдамын. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болмақ. Ал ұрпақтар сабақтастығы мен жасампаздық – Мәңгілік Елге нық қадам жасауға зор мүмкіндік беретініне сеніміміз мол.
Петропавл қаласы.