Биылғы жылғы есептік кездесуін Елец ауылдық округінен бастаған Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров 2012 жылы “Жұмыспен қамту – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында мал алған Игілік Ғабдуллиннің жеке шаруашылығына барды. Мемлекеттің қолдауының арқасында Игілік Қасымұлы алты бас ірі қара мен он шақты жылқы алып, бүгінгі таңда қолға алған жұмысын дөңгелетіп отыр.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Алдағы жоспары – мал басын көбейту. Бұл орайда аудан әкімі барынша қолдау көрсететінін жеткізді. Бұдан кейін “Жер-Ана” ЖШС-нің “Елецкий” мал шаруашылығы фермасының жұмысымен танысты. Серіктестік басшысы Қанат Ерболовтың айтуынша, қазіргі уақытта шаруашылықта 100 басқа жуық ірі қара мен 27 бас жылқы өсірілуде. Өткен жылы серіктестік өз қаражаты есебінен мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Арнайы мал фермасын салып, қажетті азықпен қамтамасыз еткен. Биылғы жылы ірі қараны, қойды және жылқыны көбейтуді жоспарлап отыр. Осы орайда салынып жатқан екінші мал қорасының құрылысын аяқтамақшы.
Есепті кездесудің басында тұрғындарға өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстар жайлы бейне-фильм көрсетілді. Осыдан кейін мінбеге көтерілген Ағзам Тастеміров Айыртау ауданының 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын баян-дап, оның ішінде Елец ауылдық округінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. Кездесу барысында тұрғындар “Megaline” Интернет желісі жылдамдығының нашарлығын айтып, бұл мәселе аудан басшысының бақылауына алынды. Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген басқа да мәселелер бірден шешімін тапты.
Осы күні түстен кейін аудан әкімі Сырымбет ауылдық округіндегі “Арай” және “А и К Агро” ЖШС-терінің мал шаруашылығы кешендерінде, Сырымбет орта мектебінде және Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайға барды. Аталмыш округте өткен есепті кездесуде де тұрғындар толғандырған мәселелерін бүгіп қалмады. Сырымбеттіктер ауылдағы орталық су ұңғымасының апатты жағдайда тұрғанын айтып, күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді сұрады. Ағзам Тастеміров “Сырымбет-1” серіктестігімен бірлесіп, жөндеу жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізіп, оның орындалуын өз бақылауына алатындығын айтты.
Келесі күні аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есепті кездесуі Арықбалық ауылдық округінде жалғасты. Алдымен Арықбалық мектеп-гимназиясына барып, білім беру мекемесінің жанындағы шағын орталықтың жұмысымен, оқушылардың ыстық тамақпен қамтамасыз етілу жағдайымен танысты, білім сапасына да назар аударды. Ал Арықбалық ауылдық дәрігерлік амбулаториясында дәрі-дәрмектің, жатын бөлмелердегі төсекорындардың сапасына көңіл бөлді. Сондай-ақ өткен жылы жеке кәсіпкер Александр Багаев ашқан техникалық қызмет көрсету станциясына да барды. Бүгінгі таңда кәсіпкер 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. “Миллениум” және “Қаракөз” шаруа қожалықтарына барған аудан әкімі мал шаруашылығының даму және ет, сүт өнімдерін өндіру барысымен танысты.
Ал Арықбалық ауылдық округі тұрғындары алдында есеп берген аудан басшысы Ағзам Тастеміров тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жауап берді.