Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры АҚ-ы облыстық
филиалының менеджері.
Облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының оқыту сыныбында Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің студенттері үшін “Кәсіпкерлікке кіріспе” тақырыбында семинар өтті.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшілері колледж түлектеріне өз істерін ашу үшін өз кәсіпорнын тіркеуге, бастапқы капиталды есептеуге, қандай баға саясатын қолдануға, салық режимін таңдауға, бухгалтерлік есепке қатысты және басқа көптеген сұрақтардың жауабын табуға көмектесті.
Сондай-ақ семинар барысында тыңдаушыларға “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысудың шарттары түсіндірілді. Студент-түлектердің арасында инновациялық ойларын жүзеге асыруға гранттық қаржыландыру алу мүмкіндігі, “Damu Startup” бағдарламасының шарттары зор қызығушылық туғызды, сонымен бірге семинарға қатысушылар “Бизнескеңесші” бағдарламасы бойынша оқуға тілек білдірді.
Семинардың соңында көрсетілген “Бизнестің Жол картасы – 2020”ға қатысудың арқасында өзінің жеке бизнесін ашқан жас отбасы жұбының “Табыс тарихы” көрсетілімі семинарға қатысушы жастардың ой-қиялдарына қанат бітіргендей болды.
– Мұндай семинарларды жастардың, әсіресе, студенттердің арасында өткізу қажет-ақ. Өйткені оқу бағдарламасында кәсіпкерлік қызмет жөнінде сабақ жоқ. Қолжетімді түрде және жарқын мысалдармен өткен бұл семинар студенттеріміздің көңілінен шықты, – дейді колледждің экономикалық пәндер оқытушысы Азамат Баймағамбетов.