Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавлдағы “Алтын бесік” балабақшасында іске қосылған электрондық өткізу жүйесі “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалында ұйымдастырылған республикалық “Инновациялық жобалар жәрмеңкесінде” 1-орынға ие болды.
Еліміз бойынша алғашқы болып қолға алынған электрондық жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Қолыңызда штрих коды бар арнайы рұқсаттамаңыз болмаса, баланы балабақшаға тапсырып, кешке алып кету немесе бұл ұйымның аумағына өту мүмкін емес.
Жобаның авторы – “Алтын бесік” балабақшасының директоры Мадина Дарбаева. Техникалық жағын жасаған – “Интегро идея” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Балабақшаның атауымен “Алтын бесік” деп аталған электрондық жүйе ұйымның қызметін қадағалауға және әр бүлдіршіннің қауіпсіздігіне мүмкіндік беретін бірнеше модульдерден тұрады.
– “Қауіпсіздік” модулі балабақша аумағына бөгде адамды өткізбейді. Өйткені, есіктен өтерде арнайы электрондық өткізу кодынсыз онда кіру мүмкін емес. Мәліметтер базасына ұжымда жұмыс істейтін қызметкерлер мен барлық тәрбиеленушілердің отбасы мүшелерінің аты-жөндері енгізілген. Әр отбасысына суреттері мен жеке сәйкестендіру нөмірі бар төрт өткізу рұқсаттамасы берілген. Тәрбиеленушілердің ата-аналары немесе оларды алып кетуге келген отбасы мүшелері осы рұқсаттама арқылы ғана балабақшаға бүлдіршінді әкеліп, әкете алады. Ал баланы кім және қашан әкеліп-әкеткені жайлы ақпарат құрылғыда автоматты түрде сақталады және ол мәлімет “Қызметтік басқару” модулі арқылы тікелей балабақша директорына түсіп отырады. Қажеттілік болған жағдайда бірден нақты ақпарат алуға болады, – дейді Мадина Таңжарбайқызы.
Келесісі – “Денсаулық” модулі. Онда баланың қашан және қандай аурумен ауырғаны, қандай екпелер жасалғаны, тағы сол сияқты мәліметтер сақталған. Денсаулығы әлжуаз балалар ерекше бақылауда тұрады. Балалардың ас мәзіріне арналған блок та бар. Оған 200-ден астам тағамның тізімі енгізілген. Ас мәзірін жасаған кезде тағамның құнарлылығы, оның құрамындағы ақуыздар мен майлардың мөлшері де автоматты түрде есептеледі. “Педагогика” модулінде баланың оқудағы жетістіктері көрініс табады. Жұмыс онлайн режимінде жүргізілетіндіктен, ондағы ақпаратпен балабақшаның барлық қызметкерлері, мекеме басшысы да таныса алады.
Мадина Таңжарбайқызының айтуынша, ол бұл жобаны алғаш рет 2008 жылы “Білім берудегі үздік IT-менеджер” конкурсында ұсынып, бірінші орын алған екен. Содан бері Қазақстанда тап осындай баламалы жүйе болмаған. Бағдарламашылар жобаны жүзеге асыру үшін төрт айдай еңбектеніпті. Оны қолданысқа енгізуге 300 мың теңгедей қаражат жұмсалған. Қазір ол еңбек толығымен ақталғанына инновациялық жобаның авторы нық сенімді.
Сонымен қатар қызметшілердің жұмысқа келген, кеткен уақыттары, немен шұғылданып отырғандығы да назардан тыс қалмайды. Электрондық жүйені жасаушылар ендігі кезекте оны одан әрі жетілдіріп, электрондық күнделік те әзірлемек. Онда ата-аналар балаларының бүлдіршіндер мекенінде не үйренгенін, немен айналысқанын, не жеп, қандай ойын ойнағанына дейін біліп отыратын болады.