Қызылжар ауданының орталығындағы “Жанмырза” ЖШС-нің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Сермұхамет Оралұлы облысқа республикалық “Парыз – 2012” байқауының күміс жүлдегері, 2013 жылғы үздік орман пайдаланушы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін серік еткен кәсіпкер ретінде танымал.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бескөл ауылының шығыс жақ бетінде, жергілікті құс фабрикасына көршілес орналасқан “Жанмырза” серіктестігінің өндірістік кәсіпорны негізінен ағаш өнімдерін шығарумен, отын дайындаумен айналысады. Сонау экономикалық құлдырау кезінде әкесі Орал ақсақалдың: “Елге оралайық” деген ақылымен Ресейдің Омбы облысынан ата қонысына көшіп келіп, кәсіпкерлігін айдалада тұрып, бензин сатудан бастаған Сермұхамет Қызылжар өңірінің баға жетпес байлығы – орманды бизнес көзіне айналдырып, ақ қайыңдарға “жан бітіргеніне” де он бес жылдың жүзі болыпты. Жеке кәсіпкер содан бері өндіріс орны орналасқан кең аумақты жетілдірумен келеді.
Серіктестік басшысының талғампаздығын, өндіріс орны үшін салынып жатқан ғимараттардың ішкі жағының жайлылығына ғана емес, сыртқы бет-бейнесіне де аса мән беретіндігін кәсіпорынға жақындаған сәттен-ақ байқауға болады. Ақ кірпішпен қапталған сәнді құрылыс алыстан көз тартады. Ал оның кең пішілген орамы да, ондағы жасыл қарағайлар мен тақтайдан өрнектеліп жасалған жаппа күрке де тұрған жердің табиғатымен астасып, ерекше бір үйлесімділікті танытады.
Кәсіпорындағы ағаш өңдейтін цех шетелдік заманауи станоктармен жабдықталған. Онда жергілікті ақ қайыңнан балтаның, балғаның, күректің, айырдың саптары, төрт қырлы бөрене, қоршау қадалары, шахта тіреулері, тақтай сияқты 45-тен астам өнім түрлері шығарылады. Сермұхамет Оралұлының айтуына қарағанда, бір жылда жоспар бойынша кесілетін 25 мың текше метр ақ қайыңның 50 пайыздайы осы мақсатқа жұмсалады, қалғаны тұтынушыларға қолайлы болу үшін қысқа кесілген отын түрінде әзірленеді.
– Облыс бойынша салынып жатқан 200-ден астам жеке тұрғын үйге төрт қырлы бөрене әзірледік. Олар Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка мен Бәйтерек сияқты ауылдарда бой көтерген ғимараттарға, басқа нысандарға пайдаланылды. Өзіміздің өндіріс орындарына арналған жаңа нысандар негізінен өзіміз әзірлеген материалдардан жасалды. Ішкі әрлеулеріне де қайыңнан тілінген тақтайлар жұмсалды. Сыйымдылығы 50 текше метрлік ағаш кептіретін цехымыз жұмыс істейді. Бізде шығарылған өнімдерді Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының өндіріс орындары тұтынады. Орман пайдаланушы ретінде ағаш кесілген аумақты қалпына келтіру жұмыстарымен де айналысамыз. Соған орай кәсіпорын аумағында қайың мен қарағай өсіретін тәлімбағымыз, өрт-химия станциясы бар. Тәлімбақтың аумағы – 2 гектардай. Станция орманды өрттен қорғауға арналған арнайы техникалармен толығымен қамтамасыз етілген, – дейді “Орман пайдаланушылар және ағаш өңдеушілер” қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Сермұхамет Оралұлы.
Өткен жылы халал тағаммен сауда жасайтын дүкен, ЖШС жұмысшыларын тегін тамақтандыруға арналған 45 орындық асхана ғимараттарын, жұмыс орнында душы бар тынығу бөлмелерін кәсіпорынның өз құрылысшылары салып шығыпты. Олардың іші Еуропа үлгісімен безендірілген. Аталмыш ғимараттардың барлығы да бір орталықтан жылытылады.
– Соңғы бір жарым жыл ішінде серіктестік еңбеккерлеріне арнап 11 пәтерлік 7 үй салдық. Пәтерлердің әрқайсысы 80-100 шаршы метрді құрайды. Олардың бөлмелерін ең қажетті деген киімілгішпен, асүй жиһаздарымен жабдықтадық. Соңғы 5 үй орталық қазандыққа қосылған. Ыстық, суық сулары, дәретханасы, ваннасы қаланікіндей үйдің ішінде. Былайша айтқанда, онда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Негізін жергілікті материал құрайтын үйдің өзіндік құны шамамен 4 млн. теңгедей. Үй иесі осы соманың 70 пайызын жеті жыл ішінде тапқан еңбекақысының бір бөлігімен өтейді, ал 30 пайызы – кәсіпорынның есебінен. Ұжымның жалпы жиналысында осындай шешім қабылдадық. Жаңа баспаналар шаруашылықта кемінде бес жыл жұмыс істеп келе жатқан Александр Камалитденов, Алексей Турбин сияқты еңбек озаттарына берілді. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді серіктестік директоры.
Евгений Музыка басқаратын өндірістік цехта Виталий Сергеев, Игорь Пашков, Дмитрий Протащик сынды ағаштан түйін түйетін станок шеберлері еңбек етеді. Олар алғашында астау, ожау сияқты ұлттық бұйымдар әзірлесе, жаңа жылдан бастап қабырғалық жиһаздар, жиналмалы және жеңіл қазақы үстелдер жасауға кірісіпті. Осы цех шеберлерінің күшімен жасалатын ою-өрнекті баспалдақ та, жер құдықтың үстіңгі бөрене қимасы мен шығыршығы да, ою-өрнекті үшбұрышты дәретхана да өзіндік болмысымен ерекшеленеді. Оларға қарап тұрып цех шеберлері қиялының ұшқырлығына, жергілікті материалдарды ұтымды пайдалана білуге деген талпынысына таңданасың. Бұлар – жеке тапсырыс бойынша жасалатын дүниеліктер.
– Бүгінгі бизнес өкілдерінің алдында тұрған міндет – отандық тауар өндіру мен бәсекелестікке төтеп беретін өнім шығару ғана емес, шикізатты мүмкіндігінше қалдықсыз пайдалануға қол жеткізу. Ағаш өндірісімен айналыса бастаған сәттен-ақ осыны алдымызға мақсат етіп қойдық. Жаңа цехқа заманауи станоктар сатып алғанда да, озық өндіріс орындарымен танысқанда да, ағаш өндірісіне байланысты озық идеяларды саралағанда да осы мәселеге баса назар аудардық. Күні бүгінге дейін солай. Осы бағытымызға біртіндеп қол жеткізіп келеміз. Ағаш дайындаумен айналысатын бригада мүшелерінің жаңа кесілген қайыңның жап-жасыл жапырағынан сыпыртқы жасап, қосымша пайда табуына мүмкіндік беріп отырмыз. Оның қайыңы жоқ өңір үшін пұлды және қат тауар екені белгілі. Сонымен бірге кесілген орман орнында қалатын ағаш бұтақтарын да іске асыру шараларын ойластырудамыз, – дейді Сермұхамет Оралұлы. Оның айтуына қарағанда, ағаш қалдықтарынан отындық брикет жасауға болады екен. Экологиялық таза биоотын өндіретін жабдық Алматыдағы “Канео-Кэт” ЖШС-нің машина жасау зауытында шығарылатын көрінеді. Серіктестік басшысы сондай пресс-экструдерді мамыр айына дейін орнатуды жоспарлап отырғанын айтады. Оған өндіріс орнын дайындап та қойыпты.
– Ағаш қалдығы мен үгіндісінен жасалған брикеттердің күлі мен түтіні аз болады, сондықтан оған сұраныс мол. Оның үстіне қатты отын пайдаланатын бу қазандықтар нарығы да жыл сайын артып келеді. Және бұл ағашты қалдықсыз пайдалану жөніндегі біздің ұстанымымызға сай келеді. Сондықтан жаңа өндіріс орнын ашу дегенде биылша отындық брикетке басымдық беріп отырмыз. Бұл қолдан келетін шаруа. Ондай өнімге сұраныс мол болатындығын қазірдің өзінде байқап, сараптап отырмыз, – дейді әрбір жаңа іске “жеті өлшеп, бір кесіп” қана кірісетін Сермұхамет Оралұлы.
Бәйтерек ауылында ағаштың үгіндісінен қабырғалық материалдар шығаратын фабрика салу жөнінде ұсыныс жасап, инвестор іздеуге атсалысқан да осы Сермұхамет Оралұлы болатын. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, ол да – бірлескен кәсіпорынмен атқарылатын келер жылдардың еншісіндегі шаруа.
Серіктестік қосалқы шаруашылықпен айналысуды да жолға қойыпты. Кәсіпорын жанындағы 1,5 гектар жерге картоп, қырыққабат, қияр, қызанақ, баялды, сәбіз егіп келеді. Өткен жылы 7 тоннадай картоп жиналыпты.
– Біз 4-5 бас қара малды, он шақты қойды, 1-2 бас жылқыны бордақылауда ұстаймыз. Етке сойылғандарының орнын үнемі толтырып отырамыз. Біздің қосалқы шаруашылығымыз жергілікті асхана мен өндіріс орнының мұқтаждықтары үшін жұмыс істейді, – дейді ЖШС директоры.
Сермұхамет Оралұлы “Петерфельд-Агро” ЖШС директоры Асқар Мәдиевпен бірге Бескөл ауылындағы орталық мешіттің жанына 350 орындық асхана салу жөнінде бастама көтеріп, іске кірісіп кеткендеріне де бір жылдың жүзі болды.
– Қазағы қалың аудан орталығы үшін мұсылмандық жоралғыларды өткізуге арналған және халал тағамдар әзірлейтін кең де қолжетімді асхана мешіт жанына қажет-ақ. Оның көкейкестілігі соңғы жылдары тіпті байқала бастады. Жергілікті тұрғындар немқұрайды болмай, белсенділік танытып, қосымша қаржылай көмек көрсетсе, бұл нысанды биыл аяқтап шығатын боламыз, – дейді халық аманатын мойнына жүктеген аудандық мәслихаттың депутаты Сермұхамет Оралұлы.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.