Елена СМИРНОВА,
М. Ахметбеков атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы.
Елбасымыз биылғы Жолдауында ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар екенін атап өтті. Оларға білім беру нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдауды игеруін талап ететінін айтты.
Сондай-ақ осы Жолдаудағы менің жаныма жақын тақырыптардың бірі – тіл мәселесі туралы. Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, Интернеттің тіліне айналып отыр. Қазақ тілін білем деген өзге ұлт өкілдерінің саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Солардың қатарында өзім де бармын. Мемлекет тарапынан бұл мәселеге үлкен қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. Атап айтсақ, өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілінен көптеген байқаулар ұйымдастырылады. Жуырда Алматы қаласында өткен “Тіл – адам жанын танудың кілті” атты байқаудың республикалық кезеңіне қатысып, жүлделі орынды еншілеп келдім. Сондағы ойға түйгенім: қазақ тілін білуге құштар өзге ұлт өкілдерінің қатары аз емес екен.
Елбасымыз 2050 жылы ел тізгінін ұстайтындар бүгінгі студенттер мен оқушылар екенін атап айтты. Елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ету, білім алу, ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуды ең басты парызымыз деп түсінемін. Мен – жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егемен елдің ертеңімін. Сондықтан Отанымның өркендеуіне бар күш-жігерімді жұмсаймын. Ол үшін кемел де терең біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіләлемдік құндылықтарды бойымызға сіңіре алған ұрпақ болсақ деп армандаймын. Олай болса Елбасының биылғы Жолдауын толығымен қолдап, өзімнің және өз замандастарымның атынан ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап, жалғастыру біздің еншімізге тиген ардақты іс екенін жүрегімізбен сезініп, мақтан ететінімізді жеткізгім келеді.
Шал ақын ауданы.