Петропавл полицейлері мектеп оқушылары үшін есірткінің алдын алу жөнінде шок-сабақтар өткізуде.
Бұл жастар арасындағы есірткі мен есірткі бизнесінің алдын алу шаралары кешені аясында ұйымдастырылуда. Қалалық ІІБ Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бөлімінің жедел уәкілдері облыстық наркологиялық диспансердің психологтерімен бірлесіп, Петропавлдағы бірқатар мектептердің жоғары сынып оқушыларына нашақорлық туралы лекциялар оқыды. Бұл шара шок-сабақ түрінде өтті, оның барысында полицейлер есірткінің түрлері туралы баяндап, тұтынудың салдарын ескертті. Бұған қоса, әкімшілік және қылмыстық жауап турасында ақпарат берілді. Ресей дәрігер-наркологтары мен ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитеті әзірлеген бейнефильм көрсетілді.
Полиция капитаны Диана Смағұлованың айтуынша, мұндай сабақтар жыл бойы бірнеше рет өткізіледі. Лекцияның басты мақсаты – жастарға есірткінің аса қауіпті екенін жеткізу. Ал мектеп оқушыларының өздері фильмді көрген соң нашақорлықтың зияны туралы тың мәлімет алғандарын айтты.
Облыстық наркологиялық диспансердің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда Петропавлда 641 нашақор есепте тұр, солардың 14-і кәмелеттік жасқа толмаған.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.