Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Конференцияны ашқан партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров өз баяндамасында “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыруда “Нұр Отан” партиясының Саяси доктринасының рөлі зор екенін атап өтіп, аталмыш құжат негізінде қай бағытта жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды.
Шара барысында партияның саяси кеңесінің мүшесі, “Мәмбетов және К” КС-нің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов конференцияға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаттарына шағын шаруа қожалықтарының кедергісіз дамуы үшін экологиялық және салық заңнамаларына өзгерістер енгізу қажет екендігін жеткізді. Ал “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның бас директоры Қуаныш Бишімов осы күнге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталса, облыс орталығындағы №7 орта мектептің директоры Гүлнәр Таласбаева 2007-2008 оқу жылында орыстілді білім ордасында қазақ сыныптарының ашылып, бүгінде онда оқитын оқушылардың саны 250-ге жеткенін тілге тиек етті. 1-ші қалалық аурухананың бас дәрігері Галина Маметова өзі басқарып отырған мекеменің сапалы қызмет етуі үшін материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға партия мен жергілікті билік тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп жатқанын айтты. “Қазақ саңыраулар қоғамы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Василий Мироняк өзі басқарып отырған фабриканың толық қуатында жұмыс істеуі үшін мемлекеттік тапсырыстың жоқтығы кедергі болып отырғандығын жеткізді. Себебі, фабриканың тағы да 50 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтуға әлеуеті жетеді. Осы орайда Самат Ескендіров білім және денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекеттік тапсырыстар көлемін ұлғайту қарастырылып жатқандығын жеткізді. Ал “Жас Отан” жастар қанаты орталық кеңесінің мүшесі, Қазақстан студенттері альянсының СҚО бойынша көшбасшысы Динара Мақсұтова облысымыздағы түрлі деңгейдегі мәслихаттарда жастардың аз екендігін айтты.
Конференция барысында партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамындағы мемлекеттік қызметшілердің саны қысқартылып, олардың орнын әйелдер, шағын және орта бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері толықтырды.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.