Петропавлдағы “Жастар” стадионында Қазақстан Коммунистік халық партиясының ұйымдастыруымен “Спортпен айналыс та, олимпиадалық қозғалысқа қатыс!” мерекелік шарасы өтті. Ол Сочиде өтіп жатқан XXII қысқы Олимпиадалық ойындарға қатысып, ел намысын қорғаған қазақстандық спортшыларды қолдауға арналды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Ақпанның 7-сі күні “Сочи – 2014” қысқы Олимпиадасының алауы жағылды. Қазақстан Республикасының атынан 52 дарынды спортшы осы додаға қатысуда. Олар шаңғы жарысы, биатлон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, тағы басқа да спорт түрлерінен сайысқа түсуде. Қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған шараға балалармен қатар, ересек адамдарды да шақырдық. Шара барысында әр адамға саламатты өмір салтын ұстану, ұдайы спортпен шұғылдану табысты өмір қағидасы екенін түсінуге мүмкіндік жасалған, – деді ҚКХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының бірінші хатшысы Сергей Мартемьянов.
Қолдау шарасында спорттың қысқы түрлеріне мамандандырылған Қ.Байболов атындағы спорт мектебінің оқушылары конькимен мәнерлеп сырғанады, облыстық филармония әртістерінің концерті, спорт тақырыбына арналған викторина, басқа да түрлі сайыстар өткізілді. Таза ауада бойларын сергітуге келгендердің барлығы конькимен тегін сырғанауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, оларға бауырсақ, кәмпитпен ыстық шай ішіп, бойларын жылытуға да жағдай жасалды.
Облыстық филармонияның әртістері де Қазақстан құрамасын қолдауға атсалысты. Әсіресе, облыстық филармонияның әншісі, ҚР мәдениет қайраткері Дәмеш Құрманкинаның орындауындағы “Күн дидарлы Қазақстан”, “Қазағым” әндері мен филармонияның жеке әншісі, ҚР мәдениет қайраткері Николай Колокольчиковтің “Команда молодости нашей”, “Родная земля” әндері бұқаралық спортқа қатысушыларды патриоттық рухқа бөледі. “Қызылжар” халық музыкасы ансамблінің орындауындағы әндер де ерекше әуеледі.
Беттерін аязға сүйгізіп, қызара бөрткен жандар әсем әуен аясында тербетіле сырғанады. Демалуға келгендерге таза ауада конькимен сырғанау ұнағаны олардың аяз сорған беттері мен бал-бұл жанған көздерінен көрініп-ақ тұрды.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.