«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕГІЗ АЙЛЫҚ ДІЛНАЗ – КОНКУРС ЖЕҢІМПАЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткен “Қыс – тосын сыйлар мезгілі” фотосуреттер конкурсының қорытындысы шығарылды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Конкурс балалардың жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа: жаңа туған баладан, яғни 0-5 жасқа дейінгілер және 6-12 жас аралығындағыларға бөлініп өткізілді. Басында қатысушылар саны 22 бала болған екен, бірақ кейін әлі де тілек білдірушілер табылған соң оларға қосымша бөлек конкурс өткізіліпті. Негізгі конкурс уақытында келген фотосуреттерге дауыс беруге – 5 күн, қосымша қатысуға тілек білдіргендерге 3 күн уақыт берілген. Осы уақыт аралығында көп дауыс жинаған баланың фотосуреттері бойынша жеңімпаздар анықталды.

Ата-аналары балаларының түрлі фотосуреттерін Интернет парақшадағы “Менің әлемім” әлеуметтік желісіндегі электронды поштаға жолдап отырған. Белгілі уақыт өткеннен кейін сол фотосуреттерге дауыс бергендер арқылы жеңімпаздар анықталған.  

– Мақсатымыз – балаларға жақсы көңіл күй сыйлау. Біз бүлдіршіндердің қайсысына болсын жақсылық сыйлауға тырысамыз. Сондықтан қайырымдылық қоры ата-аналардың, ересектердің көңілін бір сәт болсын балаларына аударту үшін осындай шараларды жиі ұйымдастырып, өткізіп тұрамыз. Бұған дейін жаз, күз мезгілдеріне байланысты конкурстар өткізілген болатын. “Юла” ойыншықтар дүкенінің ұжымымен және “Aktiv” ұялы байланыс компаниясымен бұрыннан бірге қызмет етіп келеміз. Осы екі ұйымның басшылары бізге демеушілік көрсетті. “Aktiv” ұялы байланыс компаниясы балаларға арнап футболкалар мен үстел үстіне қоятын фотосуреттер рамаларын, “Юла” дүкені түрлі ойыншықтар тарту етті. Біздің қордың да бүлдіршіндерге арнайы дайындаған кітапшалар, қойын дәптерлер, тәттілер сияқты сыйлықтары бар, – дейді “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының президенті Галина Бондаренко.

Конкурстың қорытындысына арналған шара барысында балғындар сайқымазақтың қатысуымен әзірленген ойындарға құлшына қатысып, қуыршақтардың театрландырылған қойылымын қызыға тамашалады.

Марапаттау сәтінде ең көп 376 дауыс жинаған 8 айлық Ділназ Марат 1-ші орын алды. Оған сыйлықтармен бірге “Фея” балалар орталығының кез келген қызметін пайдалануға болатын 2000 теңгенің сертификаты табыс етілді.

– Мен конкурс жарияланғанын көрген соң қызымның Жаңа жылда түскен фотосуреттерін жолдаған едім. Бүгінгі жеңісімізге қуаныштымын, – деді Ділназдің анасы.

Конкурс жүлдегерлеріне арналған негізгі тарту-таралғыдан басқа бірнеше балаға көтермелеу сыйлықтары да берілді.

– Ата-аналар осындай конкурстарға үйреніп алған, олар асыға тосып, қатысып жатады, қатарымыз толығып келеді. Мамырдың 15-сі күні біздің қордың құрылғанына бір жыл толады. Келесі конкурсымыз соған орайластырылып өткізілмек. Онда біз фотосуреттер конкурсынан басқа, суреттер конкурсын және қолдан жасалған бұйымдар конкурсын өткізуді жоспарлап отырмыз. Тек конкурсқа қатысушылар поштаға хат жолдаған кезде баланың аты-жөнін, жасын көрсетіп отырса деген тілегіміз бар, – деді Галина Бондаренко.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp