XXII қысқы Олимпиадалық ойындардың ашылу рәсіміне қатысу үшін Сочиге келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Олимпиадалық құрамасының спортшыларымен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетінің қонақ қабылдау үйінде өткен кездесу барысында Сочидегі Олимпиада ойындарының өткізілу тарихында республикамызға географиялық жағынан ең жақын тұрғанына тоқталды. Олимпиадалық құраманың мүшелеріне сөз арнаған Қазақстан Президенті спорттың біріктіруші күш екенін атап өтті.
– Сіздердің әрқайсыңыздың олимпиадалық лицензияны жеңіп алуыңыздың өзі – спорттық мансаптағы үлкен жетістік. Лондон Олимпиадасынан кейін біз спорттық жетістіктер деңгейін жоғары көтердік, мен енді Сіздерге жаңа жеңістер тілеймін! Бүгінде мемлекет Сіздердің халықаралық аренада зор жетістіктерге жетулеріңіз үшін барлық жағдайды жасап отыр. Менің тапсырмам бойынша барлық қажетті қаражат бөлініп, спорт ғимараттары салынды, Сіздермен бірге үздік отандық және шетелдік бапкерлер жұмыс істейді. Өз басым Сіздерді әрдайым қолдаймын және жетістіктеріңізді қадағалап отырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев газеттер мен телевидениенің арқасында қазақстандықтар олимпиадашылардың әрқайсысын білетінін және оларға бүкіл еліміз шынайы жанкүйер болатынын айтты.
– Жанкүйерлер бірінші рет Олимпиаданы жаңадан ашылған “ҚазСпорт” арнасынан көреді. Сіздер үшін миллиондаған отандасымыз жанкүйер болады және жоғары нәтиже күтеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылғы қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізуге Алматының кандидатурасы ұсынылғанын, елімізде заманауи спорттық инфрақұрылымдар және жарыстарды ең жоғары деңгейде өткізу тәжірибелері бар екенін атап көрсетті.
Кездесу барысында олимпиадалық команда мүшелері өздеріне ұдайы көңіл бөліп, қолдайтыны үшін Мемлекет басшысына ризашылықтарын білдірді, сондай-ақ естелік кәдесый тапсырды.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті спортшыларға денсаулық, күш-жігер және олимпиадалық жеңіс тіледі.
Мемлекет басшысы сондай-ақ қонақ қабылдау үйіндегі кездесу барысында “Астана Экспо – 2017” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің Астанада дүниежүзілік көрмені өткізу жоспарлары туралы және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің 2022 жылғы қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізуге Алматы қаласы өтінімін дайындау барысы жайлы есептерін тыңдады.
Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетінің қонақ қабылдау үйінде өткен “Россия” телеарнасының журналисі Сергей Брилевпен сұхбат барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сочидегі қысқы Олимпиадаға дайындық кезінде орасан жұмыс жүргізілгенін, соның арқасында қала айрықша жаңарып, жоғары деңгейдегі курорттық аймаққа айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, соның ішінде Қазақстанның астанасын салу да әрдайым бірқатар сынға ұшырағанын, бірақ нәтижесінде осының бәрі қарапайым азаматтар үшін қолайлылық пен жайлылықты арттыруға әкелетінін айтты.
Қазақстан Президенті Алматыда қысқы Универсиаданы өткізу дайындығының жоспарлары және 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге өтінімді даярлау барысы жайында ой бөлісті.
Сұхбат соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің қысқы Олимпиадалық ойындарды табысты өткізуіне тілектестік білдіріп, бұл кезеңде әлемдегі қақтығыстар мен шиеленістер деңгейі едәуір бәсеңдейтініне үміт артты.
Елбасы Сочидегі XXII қысқы Олимпиадалық ойындардың ашылу рәсіміне қатысты.
Қазақстан спортшылары қысқы Олимпиадаға дербес команда ретінде алтыншы рет қатысқалы отыр. Сочидегі Олимпиадалық ойындарға қатысу құқығын спорттың 10 түрінен 52 атлет жеңіп алған.
Akorda.kz